Кашпировский өмірден өтті
Кеңес дәуірінде теледидардан емдеу сеанстарын өткізіп, көпшілікке танылған психотерапевт әрі емші Анатолий Кашпировский 87 жасында өмірден өтті.
Оның қайтыс болғанын ресейлік тележүргізуші Андрей Малахов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған. Алайда ол өлімнің нақты себебін ашып айтпады.
Телеграм каналдардың мәліметінше, Кашпировскидің 2 қазан кешке қан қысымы төмендеп, ауруханаға жеткізілген. Келесі күні таңғы сағат 06:45-те дәрігерлер оның қайтыс болғанын тіркеген.
Бұған дейін ресейлік БАҚ-та психотерапевттің ауруханаға түскені туралы бірнеше рет ақпарат тараған. Сондай-ақ өткен жылы оның онкологиялық ауруы асқынып, Мәскеудегі клиникалардың бірінде ем алғаны, кейін сәулелік терапия курсынан өткені жазылған.
Анатолий Кашпировский 1939 жылы 11 тамызда сол кездегі Украина КСР аумағындағы Ставница ауылында дүниеге келген. Кеңес Одағында қайта құру кезеңінде телебағдарламалары арқылы кеңінен танылды. Оның "Психотерапевт дәрігер Анатолий Кашпировскийдің денсаулық сеанстары" атты бағдарламасы көрермен арасында үлкен қызығушылық тудырған.
Кашпировский өз сеанстарында гипноз әдісін қолданған. Алайда оның емдеу тәсілдері мен нәтижелілігіне медицина саласының бірқатар маманы күмән келтіріп, қызметіне қатысты пікірталастар болған.
Психотерапевттің артында жұбайы Гүлизар Чалбашова, ұлы Сергей қалды. Өткен жылы Кашпировскийдің отбасында Эллина есімді қыз дүниеге келгені хабарланған.