Сараптама

«Әп-әдемі ән еді...». «Дипломмен ауылға» бағдарламасын бүлдірген «пұшық» кім?

Ауылдық жерлердегі маман тапшылығын жою мақсатында 2009 жылдан бері «Дипломмен ауылға» мемлекеттік жобасы іске қосылған. Бұл бағдарлама өз тарихында бірнеше маңызды кезеңнен өтті. Әу баста 2009 жылы бағдарлама басталғандаалғаш рет білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларының мамандары үшін ашылды.

Дипломмен ауылға / Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Ал 2011 жылы бағдарламаға қатысушылар тізіміне агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) мамандары қосылды. 2019 жылы бағдарлама бойынша берілетін көтерме жәрдемақы мөлшері 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 2020 жылы бағдарламаға ауылдық округ әкімдігі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатысу мүмкіндігін алды. 2023 жылыбағдарламаға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау толықтай цифрлық форматқа ауысып, оператор қызметі «Отбасы банкке» жүктелді.

Бағдарлама неге жастарға мотивация бола алмады?

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мамандарды тартудың негізгі құралы болып қала береді. Оның мақсаты – ауылдағы бос жұмыс орындарын толтыру ғана емес, ауылда білікті кадрларды ұстап қалу. Дегенмен сала мамандарының пайымдауынша, соңғы үш жылда бағдарламаға қызығушылық төмендей бастаған. Мұның себебі неде?

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің түсіндіруінше, бұл жоба жыл сайын аймақтарда мамандарды ұстап тұруға көмектеседі. ақысын алды, ал 52 000-нан астам маман бюджеттік несиелермен тұрғын үй сатып алды. Дегенмен министрлік есепті әдемі етіп көрсеткісі келгенімен, Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар бағдарламаның «томпақ» тұстары бар екенін айтады. Егер осы кемшіліктерді оңтайлы етіп түземесек, келешекте бұл бағдарлама жайында «әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылды» деуіміз ықтимал.

Мәселен, 2026 жылғы өзгерістерге сәйкес, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушыларға бірреттік қайтарымсыз жәрдемақы ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) теңгемен есептегенде 432 500 теңге беріледі. Бұдан соңауылдан үй алуға арзан несие 2 000 АЕК, 8 650 000 теңгегедейін (жылдық 0,01 пайызбен), аудан орталығынан үй алуға несие 2 500 АЕК10 812 500 теңгеге дейін қаражат беріледі. Енді осы арада сарапшылар бұл бағдарламаның кемшіліктері барын тізіп отыр.

Біріншіден, жалақының төмендігі. Ауылдық жерлерде орташа табыс – 300 200 теңгені, ал қалаларда бұл көрсеткіш 402 200 теңгеге тең. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тамақ пен киім шығыны жоғары. Шалғай ауылдарда азық-түліктің бағасы қалалық жерге қарағанда екі есе қымбат.

Екінші бір мәселе – тұрмыс жағдайы. Үкімет мамандарды ауылға жіберуін жібереді, бірақ тиісті жағдай жасалмайды. Осыдан кейін бұл бағдарламаның тиімділігі төмендемегенде қайтеді? Таза судың, кәріздің және газдың болмауы арзан ипотеканы тартымды етпейді.

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Арман Мусиннің пайымдауынша, бағдарлама бойынша үкімет ұсынатын пакет сырттай тартымды көрінеді. 100 АЕК көлемінде бірреттік төлем, 15 жылға дейінгі 1 пайыздық ипотека, тұрғын үй сатып алуға жеңілдік деген жақсы-ақ.

«Бірақ осының бәрі ауылдағы шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде әлсірейді. Айталық, жас дәрігер ауылға келеді, үй алады. Бірақ үйдің ішінде су жоқ. Кәріз жүйесі жоқ. Газ тағы жоқ. Интернет әлсіз. Баласын беретін балабақша жоқ. Демалатын орын жоқ. Кәсіби өсу мүмкіндігі шектеулі. Ал бағдарламаның логикасы қарапайым: арзан несие берсек, адам ауылда қалады. Бірақ бүгінгі буынның таңдауы өзгерді. 2009 жылғы ауыл мен 2026 жылғы ауылға қойылатын талап бірдей емес. Қазіргі жас маман үшін жұмыс орнымен қатар өмір сапасы маңызды. Мәселен, тұрақты интернет, сапалы медицина, баланың білімі, мәдени орта, қауіпсіз инфрақұрылым, кәсіби даму мүмкіндігі, тағысын-тағылар. Осының барлығы жас мамандар үшін аса қажет. Егер бағдарлама толыққанды өзін-өзі ақтасын десек, осы жағдайды ауылға жасау керек. Өкінішке қарай, біздегі ауылдарда мұндай базалық жағдай жоқ. Тұрмыс сапасы төмен жерде ұзақ мерзімді несие беру жастарға мотивация бола алмайды. Үкімет осыны ұғуы керек. Аталған кемшіліктермен жұмыс істемесек, ауылға баратын маман таппай қалуымыз әбден мүмкін», – дейді қаржыгер Арман Мусин.

Дипломмен ауылға. Фото: ЖИ / Жас Алаш

Үкімет не дейді? Нарық ше?

Сондай-ақ маманның сөзінше,бағдарламадағы ең көзге түсетін қайшылықтардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Бағдарлама бойынша үкімет шаршы метрдің шекті құнын 169,8 мың теңге деп белгілейді. Ал нарықтағы нақты құрылыс құны – 207,4 мың теңге. Айырмашылық көп. Соның салдарынан мердігер ауылдық жерде үй салуға құлықсыз. Қаражат аз бөлінгеннен кейін сапа төмендейді немесе жоба мүлде жүрмейді. Яғни мемлекет ауылға маман шақырады, бірақ сол маман тұратын үйдің нарықтық бағасын реттегісі келмейді. Сондықтан бұл арада тұрғын үйдің шекті құнын жыл сайын автоматты индекстеу маңызды.

«Қазір бағдарламадағы шаршы метрдің шекті бағасы нарықтан қалып қойған. Соның кесірінен құрылыс компаниялары ауылға баруға мүдделі емес. Негізінде нарық заңы бойынша шекті құнды жыл сайын инфляцияға емес, нақты өңірлік құрылыс құны индексіне байлау керек. Әр облыс бойынша жеке коэффициент енгізу қажет. Мысалы, тұрғын үй салуда Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстанның құны бірдей болмауы керек. Бұл ретте біртұтас тарифтен бас тартып, өңірлік модельге көшу қажет. Қазір бір шекті баға бүкіл елге ортақ қолданылады. Бұл дұрыс емес. Аудан орталығы, шекаралық ауыл, шалғай ауыл үшін бөлек норматив бекіту керек. Логистикасы қымбат өңірлерге қосымша үстеме қарастырған дұрыс. Бұл құрылыс шығынын шынайы есептеуге мүмкіндік береді», – дейді қаржыгер Арман Мусин.

«Жалған есеп жарға жығады»

Ал «Экономика және Құқық институтының маманы, экономист-сарапшы Жанар Күнтуғанқызы үкіметтің жас мамандарды бірден несиеге кіргізетін саясатын құптамайды. Ол әкімдіктердің қызметтік үй қорын қалыптастыруды ұсынады. Маманның ойынша, алғашқы 5-7 жыл тегін тұратын тұрғын үй беру артынша ауылда ұзақ қалған маманға сол үйді жеңілдікпен сатып алу құқығын беру қажет. «Бұл жастардың бастапқы қаржылық жүктемесін азайтады», – дейді маман.

Осы саланы зерттеп жүрген әлеуметтанушы-ғалым Айсұлу Молдабекованың пікіріне жүгінсек,бізде «Жұмыспен қамту-2020», «Жол картасы-2020», «Дипломмен ауылға», «Жастар тағлымдамасы» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бар. Осы бағдарламалардың бәрі әлеуметтік саясатты белсенді жүргізудің формалары еді. Әттеген-айы, қазір осы бағдарламалардың нәтижесін көре алмай жүрміз.Өйткені басым көпшілігі тек қағаз жүзінде қалған. Тіпті мұндай бағдарламаларға қатысатындар зейнетақы жарнасын өтірік бір кәсіпорындармен келісіп аударып отырады да, төлемді алғанша ғана жанталасады. Ал төлемді алғаннан кейін оны басқа мақсаттарға жұмсаған фактілер де кездесті.

Фото: Айсұлу Молдабекова

«Мемлекеттің субсидияларын, гранттарын осындай жолмен жұмсайтындар бар. Кейбір жергілікті әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтары «бюджеттен бөлінген қаражат игерілді» деп көрсету үшін де осындай көзбояушылыққа барады. Бұл – халыққа уақытша ақша берумен шектеліп отырмыз деген сөз.

Мысалы, кәсіпорын бірнеше адамды қайта оқытуға өтініш берді делік, оған мемлекеттен қаражат бөлінеді. Кейбір кәсіпорындар сол қаражатты алу үшін өзінде бар адамдарды қайта оқыттық деп рәсімдей салады. Міне, осылай жалған есеп беріп, реформаны қағаз жүзінде ғана жүзеге асыру белсенді әлеуметтік саясатты жүргізуге қатты кедергі болып отыр. Осыдан барып саланы дамытуға бөлінген мемлекеттің ақшасы құмға сіңгендей кетіп жатыр. Егер жағдай бақылаусыз осылай кете беретін болса, біз «кедейлік қақпанына» мықтап түсеміз», – дейді Айсұлу Молдабекова.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Қазақстанда нарықта ұсынылатын жұмыс орындары да шектеулі. Мұндайда жас мамандардың пайдасын көру үшін экономиканың нақты секторында, яғни ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, өндірісте, жеңіл өнеркәсіпте, тамақ өндіруде жұмыс орындары ашылуы керек. Бізде жұмыс орындары көптеп ашылып жатқан жоқ. Егер отандық өндіріс нақты қолдау тауып, нарықта жұмыс орындары көп ашылса, мамандар да бос қалмайтын еді. Негізінде осының барлығын жүйелі түрде есептеп ойластырғанда экономика тарықпайтын еді, бюджетте де тапшылық болмас еді. Сондықтан сала мамандары: «Алдағы уақытта ауыл әкімдерінің үкіметкетиімді тетіктер ұсына алуы маңызды», – деседі

«Дипломы көп, білімі жоқ»

Фото: Суретте Атамұрат Шәменов

Экономист-ғалым Атамұрат Шәменов былай дейді:

 «Қазір мемлекеттік қызметке барып жатқандардың басым бөлігінің дипломы көп, білімі жоқ. Экономикамызды басқарып, бар шаруаны реттеп отырған да солар. Бізге экономиканы дамыту үшін бірінші маман біліктілігін, мемлекеттік кадр саясатын реттеу қажет. Рас, барлық мемлекеттік қызметкерлердің дені сауатсыз, біліксіз деп айтудан аулақпын. Олардың ішінде де білімдісі бар. Әттеген-айы, мемлекеттік қызметшілердің арасында жауапкершілікті өзіне алу, бастамашыл шешім шығару үрдісі аз. Қазір мемлекеттік қызметте отырғандар бастығы тапсырма бермесе, ешнәрсе істемейді. Алайда әлгі бір ғана бастық бүкіл саланың мәселесін біле қоюы мүмкін емес қой. Сондықтан ауыл әкімдерінен бастап, барлық мемлекеттік қызметкерлер үкіметке қызықты механизмдер ұсына алуы керек. Сол кезде мемлекеттік жобалар орта жолда қалмайды».

Сөйтіп, мамандардың сөзінен аңғарғанымыз – ауылға жас мамандарды қызықты механизмдер ұсыну арқылы тартатын кезең әлдеқашан жетті. Бірреттік көтермеақы, арзан несие немесе дайын үй беру мәселені түбегейлі шешпейді. Шетел тәжірибесі көрсеткендей, жастар ақша үшін емес, өмір сүру сапасы үшін таңдау жасайды. Олар ауылға тек жұмысқа емес, болашақ құруға баруы керек. Егер ауылда сапалы интернет жоқ, мәдени орта жоқ, кәсіп бастауға мүмкіндік жоқ, жастардың пікірін тыңдайтын жүйе жоқ болса, кез келген бағдарлама уақытша статистика ғана береді. Бүгін барған маман ертең қалаға қайта көшеді. Сондықтан біз ауылдың жаңа моделін жасауымыз қажет. Айталық, цифрлық инфрақұрылым, жастар кәсіпкерлігі, мәдени орта, еркін жұмыс форматы және шешім қабылдауға жастардың өзін қатыстыру, тағысын тағылар. Әйтпесе «Дипломмен ауылға» бағдарламасы кадр тапшылығын емес, кадр айналымын ғана көбейтеді.

Кейбір дамыған елдерде халық саны азайып кеткен ауылдарға көшіп келген жастарға ірі көлемде қаржылай көмек беріледі екен. Мәселен, Италия мен Испанияда жастарды тарту үшін кейбір провинциялар көшіп келген әрбір маманға немесе жас отбасыға 3 000-нан 8 000 еуроға дейін қайтарымсыз грант береді. Жас маманға қоятын шарты – біздегі тәрізді, сол жерде белгілі бір уақыт тұру ғана емес, қашықтан жұмыс істеу немесе міндетті түрде бизнес ашу.

Ал Жапонияда Токио сияқты ірі мегаполистерден ауылдық жерлерге көшетін отбасыларға әр бала үшін 1 млн иенге дейін (шамамен 3 млн теңгеден астам) субсидия төленеді. Осындай мысалдарға қарап, әншейінде шетелден әр нәрсені көшіріп алуға әуес біздің Үкімет неге осындай озық тәжірибені үлгі етіп алмайды екен деген үлкен сұрақ туындайды.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі