Қоғам

Ақмола облысында үйге қарумен басып кіріп, тұрғындарды жертөлеге қамап кеткендердің ісі қайта қаралады

Ақмола облысында түн ішінде бетперде киіп, тұрғын үйге басып кірген үш ер адамға қатысты сот үкімі қайта қаралады.

Фото: ЖИ

Олар үй иелерін ұрып-соғып, аңшы мылтығының кесілген ұңғысымен қорқыту арқылы ақша мен бағалы заттарды тартып алған.

Шабуылдаушылардың қолды еткен мүлкінің құны 4 млн теңгеден асқан. Сонымен қатар олар жәбірленушілердің бірін байлап, үйдегі өзге адамдарды жертөлеге қамап қойған.

Алайда сот үш ер адамның әрекетін қарақшылық емес, тонау деп бағалап, үкім шығарған. Бас прокуратура қылмыстың мұндай саралануымен келіспей, сот шешіміне наразылық білдірді.

Ведомство өкілдерінің пікірінше, жәбірленушілер қарумен төнген қауіпті өмірі мен денсаулығына тікелей қатер ретінде қабылдаған. Ал қарудан оқ атылмауы өздігінен әрекетте қарақшылық белгілері жоқ дегенді білдірмейді.

Кассациялық сот прокуратураның уәждерін қолдап, бұған дейінгі сот шешімдерінің күшін жойды. Қылмыстық іс қайта қарау үшін жолданды.

Сайт Әкімшілігі