АҚШ әскері Иранға төрт күн ішінде соққы беруге дайын – CNN
АҚШ қарулы күштері президент Дональд Трамп бұйрық берген жағдайда 96 сағаттың ішінде Иранға қарсы жаңа әскери операция бастауға дайын.
Бұл туралы CNN телеарнасы америкалық жоғары лауазымды шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, АҚШ Таяу Шығыс аймағында ықтимал әскери операция жүргізуге қажетті күштерін шоғырландырған. Пентагон мен АҚШ Орталық қолбасшылығы Иран аумағындағы ықтимал нысандарды анықтап, әскери жоспар әзірлеген.
Олардың қатарында Иранның әскери базалары, ядролық нысандары мен энергетикалық инфрақұрылым объектілері бар.
CNN дереккөздерінің айтуынша, жаңа операция бұған дейінгі шектеулі әуе соққыларынан әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін.
Сонымен қатар Израиль де Иранға қарсы жаңа әскери әрекеттерге дайындалып жатқаны хабарланды. Алайда Вашингтон әзірге мұндай операцияны кейінге қалдыруды сұраған.
Америкалық шенеуніктердің бір бөлігі ықтимал әскери операция АҚШ-тағы қараша айындағы аралық сайлаудан кейін басталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Дегенмен Дональд Трамп Иранға қарсы жаңа шабуыл жасау жөнінде түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Ақ үй CNN таратқан ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан.
Бұған дейін, 23 қазанда, Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы тағы бір әскери операция жүргізуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Айта кетейік, CNN хабарлаған 96 сағаттық мерзім қазіргі уақыттан емес, АҚШ президенті тиісті бұйрық берген сәттен бастап есептеледі.