Саясат

АҚШ банкрот болуы мүмкін: Трамп қарыз шегіне қатысты ескерту жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекеттік қарыздың шекті мөлшеріне қатысты мәселе шешілмесе, ел банкроттыққа ұшырауы мүмкін екенін ескертті.

Фото: АР

Ол заңмен белгіленген қарыз алу лимитін мүлде алып тастауды қолдайтынын айтты. Трамп бұл туралы Fox News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі шектеу күшінде қалып, мәселе реттелмесе, АҚШ бұрын-соңды болмаған қаржылық жағдайға тап болуы мүмкін.

Ақ үй басшысы бұл мәселеде демократ сенатор Элизабет Уорреннің ұстанымын да қолдады. Уоррен 2025 жылғы маусымда мемлекеттік қарыз лимитін саяси қысым құралы деп атап, оны алып тастау қажет екенін жазған. Сенатордың пікірінше, бұл шектеу мемлекеттік шығындарды азайтпайды әрі қарыздың өсуіне тосқауыл болмайды. Керісінше, саяси келіспеушіліктер салдарынан қолдан жасалған қаржы дағдарысының туындау қаупін арттырады.

Трамптың бұл пікірі АҚШ-та мемлекеттік қарыз көлемі шекті межеге жақындаған тұста айтылды. 2025 жылғы шілдеде Конгресс қарыз алу лимитін 36,1 триллион доллардан 41,1 триллион долларға дейін көтерген. Ал 2026 жылғы қыркүйектің басында елдің жалпы мемлекеттік қарызы 40,1 триллион доллардан асқан.

Бипартиялық саясат орталығының 18 қарашадағы болжамына сәйкес, АҚШ үкіметі қолданыстағы лимитке 2027 жылдың ақпан-наурыз айларында жетуі мүмкін. Одан кейін Қаржы министрлігі төтенше шаралар мен қолда бар қаражатты пайдаланып, мемлекеттік міндеттемелерді тағы шамамен алты-тоғыз ай орындай алады. Алайда нақты мерзім бюджет шығындарына, салық түсімдеріне және экономикалық жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.

Сайт Әкімшілігі