Саясат

АҚШ Конгресі Украина үшін Starshield бағдарламасын кеңейтуді талап етті

АҚШ Конгресінің Республикалық және Демократиялық партиялардан сайланған бір топ мүшесі Пентагонды Украинаға Starlink және Starshield спутниктік байланыс жүйелеріне толық қолжетімді

Фото: ашық дереккөз

 Заң шығарушылар байланысқа қойылған шектеулер елдің қорғаныс қабілетіне қауіп төндіретінін ескертті. Бұл уралы Deutsche Welle басылымы жазды.

АҚШ Конгресінің қос палатасының мүшелері қорғаныс министрі Пит Хегсетке хат жолдап, Украина үшін Starlink және Starshield спутниктік жүйелерінің толыққанды жұмысын қалпына келтіруді және қолданыстағы қолдау бағдарламасын кеңейтуді талап етті. Хат 23 қазанда сенатор Марк Келлидің ресми сайтында жарияланды.

Құжат авторлары спутниктік байланыс Украинаның қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі екенін атап өткен. Олардың айтуынша, украин әскері бұл жүйелерді бөлімшелерді басқару, барлау мәліметтерімен алмасу, майдандағы іс-қимылдарды үйлестіру және дрондарды пайдалану үшін қолданады.

Байланыс жылдамдығын шектеу, қамту аймағын қысқарту немесе қызмет көрсетудегі үзілістер әскери операциялардың барысына тікелей әсер етеді.

Конгресс мүшелерінің пікірінше, байланыс сапасының төмендеуі Ресей әскеріне әскери артықшылық беріп, соғыстың созылуына және бейбіт тұрғындарға төнетін қауіптің артуына әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты заң шығарушылар Пентагонды спутниктік байланыстың бұрынғы сапасын қалпына келтіріп, Украина армиясын әскери операцияларды жүргізуге қажетті байланыс мүмкіндіктерімен қамтамасыз етуге шақырды.

Starshield бағдарламасын кеңейту ұсынылды

Хат авторлары SpaceX компаниясының мемлекеттік және әскери тапсырыс берушілерге арналған қорғалған спутниктік байланыс жүйесі – Starshield бағдарламасына ерекше назар аударған.

Конгрессмендер мен сенаторлар Пентагонның қолданыстағы келісімшартын кеңейтіп, Украинаға қажетті байланыс өткізу қабілетін, қызметтің тұрақтылығын және әскери операциялар жүргізілетін аймақтардағы қамтуды қамтамасыз етуді ұсынды.

Соның ішінде АҚШ заңнамасы мен саясаты рұқсат еткен жағдайда, Ресей аумағының үстіндегі спутниктік байланысты пайдалануға мүмкіндік беру мәселесі де көтерілген.

Бұдан бөлек, заң шығарушылар украиналық пайдаланушыларды коммерциялық Starlink жүйесінен мемлекеттік Starshield бағдарламасына көшіру кезінде байланыс үзілістеріне жол бермеу қажеттігін атап өткен.

Олардың пікірінше, спутниктік байланыстың қолжетімділігі, қамту аймағы мен сапасына қатысты шешімдер тек жеке компанияның еркінде болмауы тиіс. Өйткені мұндай шешімдер Украинаның қорғаныс операцияларын жүргізу мүмкіндігіне тікелей ықпал етеді.

Зеленский: Байланыс жылдамдығына қойылған шектеулер әлі алынған жоқ

Конгресс мүшелері Пентагонға АҚШ-тың Қорғаныс өндірісі туралы заңында қарастырылған өкілеттіктерді пайдалануды да ұсынды. Бұл заң федералдық билікке компаниялардан мемлекеттік тапсырыстарды басым тәртіппен орындауды талап етуге мүмкіндік береді.

Аталған үндеу Украина үшін Starlink және Starshield жүйелерінің жұмысына енгізілген шектеулер төңірегіндегі пікірталас жалғасып жатқан кезде жарияланды.

23 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский кейбір терминалдар үшін спутниктік байланыс жылдамдығына қойылған шектеулер әлі де күшінде екенін растады.

Бұған дейін АҚШ-тың бірқатар заң шығарушысы бұл шешімдердің қандай жағдайда қабылданғанын тексеруді талап еткен. Олар байланыс мәселесі шешілмесе, Дональд Трамп әкімшілігі үшін саяси салдары болуы мүмкін екенін ескерткен.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АҚШ Конгресі