Саясат

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқандқа келді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 18 қазанда Өзбекстанның Самарқанд қаласына ресми сапармен келді.

Фото ашық дереккөз

Ол Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның өкілдерімен келіссөз жүргізеді.

Рубионы Самарқанд әуежайында Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева мен елдің сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов қарсы алды.

19 қазанда Самарқандта АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекетін біріктіретін C5+1 форматындағы министрлер кездесуі өтеді. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдері қатысады.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, энергетикалық қауіпсіздік және стратегиялық маңызы бар минералдарды өндіру мәселелері талқыланады.

АҚШ мемлекеттік хатшысымен бірге өңірге 200-ден астам америкалық компания басшылары мен бизнес өкілдері келген. Вашингтон бұл сапар арқылы Орталық Азия елдерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуді көздейді.

Сапар аясында Марко Рубио аймақтағы бес мемлекеттің жоғары лауазымды өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланған.

Самарқандтағы келіссөздерден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Үндістанға сапарын жалғастырады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Марко Рубио