АҚШ, Ресей және Украина Абу-Дабиде келіссөз өткізбек
АҚШ, Ресей және Украина өкілдері қарашаның бірінші жартысында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде үшжақты келіссөз өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Песковтың айтуынша, келіссөздің негізгі тақырыбы – Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін Ресей мен Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері.
«Біз айтып отырған Абу-Дабидегі келіссөз қарашаның бірінші жартысына жоспарланған. Ол үшжақты форматта өтеді. Одан кейінгі талқылауларға кімдердің қатысатынын айту қиын. Еуропаның қауіпсіздік архитектурасын басқа тараптардың қатысуынсыз талқылау мүмкін емес екені анық. Алайда алғашқы кездесу үшжақты форматта өтеді», – деді Песков.
Кремль өкілі келіссөздің келесі кезеңдеріне Еуропа мемлекеттерінің де қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, Еуропадағы ұзақмерзімді қауіпсіздік мәселесін құрлықтағы басқа елдердің ұстанымын ескермей шешу мүмкін емес.
Әзірге Абу-Дабидегі кездесудің нақты күні мен оған қатысатын делегациялардың құрамы жарияланған жоқ.
Сондай-ақ үш тараптың келіссөз барысында қандай нақты ұсыныстарды талқылайтыны белгісіз.