АҚШ-тан екі ирандық дипломат шығарылды
Иран делегациясының БҰҰ Бас ассамблеясына қатысқан екі мүшесі сенбі күні АҚШ аумағынан кеткен.
Бұған дейін америкалық билік олардан елден шығуды талап еткен. Бұл туралы Axios басылымы жазды.
Басылым бұл ақпаратты аты-жөні көрсетілмеген америкалық шенеунікке сүйеніп жазған.
«Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бұл мәселеге өте байыппен қарап отыр. Иран делегациясының тағы екі мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы аяқталғаннан кейін де Нью-Йоркте ұзақ уақыт қалып қойды. Енді олар елден шығарылды», – деді дереккөз.
Оның айтуынша, екі ирандық дипломат АҚШ Мемлекеттік департаментінің 28 қыркүйек, дүйсенбі күні Иранның БҰҰ жанындағы миссиясына жолдаған талабын орындамаған. Америкалық билік Иран делегациясының түгелдей АҚШ аумағынан дереу кетуін талап еткен.
2 қазан, жұма күні Иранның БҰҰ жанындағы миссиясына америкалық тарап екі дипломаттың бұрынғы талапқа қарамастан Нью-Йоркте әлі жүргенін білетіні хабарланған. Иран тарапына олардың дереу елден шығуын қамтамасыз ету жөнінде тағы да нұсқау берілген.
Axios дереккөзінің айтуынша, дипломаттардың бірі АҚШ-тан жұма күні кешке, екіншісі сенбі күні таңертең кеткен.
Басылым бұл жағдай АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшейгенін тағы бір мәрте көрсетеді деп жазады. Әсіресе соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық талпыныстардың тұралап қалуы және жаңа әскери қақтығыс қаупінің артуы аясында екі ел арасындағы қатынас одан әрі күрделене түскен.
Еске салайық, қыркүйекте Иран президенті Масуд Пезешкиан Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының отырысына қатысқан еді. АҚШ негізгі ирандық делегацияға, оның ішінде Пезешкианға, сыртқы істер министрі Аббас Арагчиге және қажетті қызметкерлерге елге кіруге рұқсат берген. Алайда америкалық билік делегацияның кейбір мүшелеріне, соның ішінде президенттің баспасөз қызметі өкілдеріне виза беруден бас тартқан.