АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Мэттью Макконахиді президенттікке лайық деп атады
АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Джо Манчин Голливуд актері Мэттью Макконахидің ел президенті болуға қажетті барлық қасиеті бар екенін мәлімдеді.
Ол актер Ақ үй басшысы лауазымына үміткер болуға шешім қабылдаса, оны «1000 пайызға» қолдайтынын айтты. Бұл туралы NewsNation хабарлады.
Журналист Блейк Берманға берген сұхбатында Манчин Макконахиді ақылды, харизмасы жоғары және елді біріктіре алатын тұлға деп сипаттады.
Бұған актердің 18 қазанда жариялаған алты минуттық видеосы себеп болған. Онда Макконахи АҚШ-тағы екі партиялы саяси жүйені сынға алып, америкалықтардың басым бөлігі өзін республикашыл да, демократ та санамайтынын айтқан. Сондай-ақ халықты Конгресс сайлауында тәуелсіз кандидаттарға байыппен қарауға шақырған.
«Республикашылдар мен демократтар пайда болмай тұрып, америкалықтар болған», – деді актер.
Алайда Макконахидің мәлімдемесі қоғамда түрлі пікір туғызды. San Antonio Express-News басылымының жазуынша, кейбір сыншылар оның қарашадағы сайлау қарсаңындағы ұсыныстарын саяси шындықтан алшақ деп бағалаған.
Әсіресе Демократиялық партияны қолдаушылар әлеуметтік желілерде актердің ұстанымына наразылық білдірген. Олар Макконахидің 2017 және 2020 жылдары Дональд Трампты қолдағанын еске салды.
Сондай-ақ сыншылар тәуелсіз кандидаттарға дауыс беруге шақыруды «дауысты босқа жұмсау» деп есептейді.
Әзірге Мэттью Макконахи АҚШ президенттігіне үміткер болатынын ресми түрде жариялаған жоқ.