Әлеумет

Ақтауда баласын ауруханаға жатқызбағанына ашуланған әке хирургке шабуыл жасады

Ақтауда кішкентай баласын ауруханаға жатқызудан бас тартқан дәрігерге науқастың әкесі шабуыл жасады.

Фото ашық дереккөз

Ер адам алдымен үстелді теуіп, кейін балалар хирургіне тап берген. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқиға 31 қазанда Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болған.

Медициналық мекеме қызметкерлерінің айтуынша, балалар хирургі кішкентай науқасты тексеріп, оның әкесіне медициналық тексеру нәтижелерін түсіндірген. Дәрігер баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім жоқ деген қорытындыға келген.

Алайда бұл шешімге баланың әкесі келіспеген.

Аурухана қызметкерлерінің мәліметінше, ашуға булыққан ер адам кенеттен үстелді аяғымен теуіп, артынша хирургке тап беріп, мойнынан ұстаған.

Оқиға орнында болған адамдар дәрігерге көмекке ұмтылған. Бірнеше куәгер ер адамды хирургтен ажыратып алған.

Әлеуметтік желілерде осы жанжалдың бейнежазбасы тарады.

Оқиғаны өз көзімен көргенін айтқан әйелдердің бірі күйеуі басқа адамдармен бірге шабуыл жасаған ер адамды тоқтатуға тырысқанын жеткізді.

Оның сөзінше, ер адам үстелді тепкен кезде жанында тұрған балаға да тиіп кеткен. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

«Мен кез келген зорлық-зомбылыққа қарсымын. Әсіресе адамдар көмек сұрап келетін медициналық мекемеде мұндай әрекетке жол берілмеуі керек», – деп жазды куәгер.

Оқиғадан кейін аурухана қызметкерлері полиция шақырған.

Медициналық мекеменің мәліметінше, шабуылға ұшыраған балалар хирургі келесі күні жұмысына оралып, кезекшілікке шыққан.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаны растады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанжалға баланың әкесінің көрсетілген медициналық көмектің сапасына көңілі толмауы себеп болған.

«Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

 

Дәрігерге шабуыл жасағандар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

 

2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қорқыту немесе күш қолдану үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұл нормалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабында көзделген.

Жаза жасалған әрекеттің сипатына және келтірілген зиянның ауырлығына байланысты белгіленеді.

Егер қолданылған күш адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті болса, кінәлі адам бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал заңда көрсетілген ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза жеті жылдан он екі жылға дейін ұлғаяды.

Дегенмен Ақтаудағы оқиға бойынша күдіктінің нақты қай баппен жауапқа тартылып жатқаны әзірге жарияланған жоқ.

 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: дәрігер