Ақтауда еденде ұйықтап жатқан балаға қатысты жағдай тексерілді
Бұл туралы Lada.kz хабарлады.
Маңғыстау облысында көпқабатты үйдің кіреберісінде еденге жатып ұйықтаған баланың отбасына мамандар барды. Балалар құқығын қорғау басқармасы мен Психологиялық қолдау орталығының қызметкерлері жағдайды зерделеп, баланың анасымен түсіндіру жұмысын жүргізді.
Мамандардың тексеруі кезінде баланың қазіргі жағдайы жақсы екені анықталған. Оған психологиялық қолдау көрсетіліп, анасымен қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Ведомство мәліметінше, қазір жауапты мамандар мен отбасы арасында тұрақты байланыс орнатылған. Баланың жағдайы бақылауда, оның психологиялық саулығын қолдау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтаудағы тұрғын үйдің кіреберісінде еденде ұйықтап жатқан баланың суреті тараған еді. Бұл жағдай қала тұрғындарын алаңдатып, әлеуметтік қызметтердің араласуына себеп болды.