Ақтауда жылусыз қалған тұрғындар жолды жабуға әрекеттенді
Ақтауда жылусыз қалған тұрғындар жолды жабуға әрекеттенді
Ақтауда жылудың жоқтығына наразы тұрғындар көшеге шығып, автомобиль жолын жабуға әрекеттенді. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен қала әкімі келді. Бұл туралыUlysmedia.kz жазды.
Оқиға 4 қараша күні кешкі сағат 21:30 шамасында болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ондаған тұрғынның көпқабатты үйлердің маңына жиналып, көлік қозғалысын тоқтатуға әрекеттенгені көрінеді.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына полиция қызметкерлері мен бетперде киген адамдар келіп, тұрғындардың жолды жабуына жол бермеген. Бейнежазбада көліктердің қозғалысы жалғасқанын байқауға болады.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиға кезінде қоғамдық тәртіп бұзылмағанын және ешкім ұстамағанын мәлімдеді.
Жылу неге өшірілген?
Ақтау әкімдігінің түсіндіруінше, 4 қараша күні сағат 12:15-те 41-шағынаудандағы "Манхэттен" тұрғын үй кешенін жылумен қамтамасыз ететін желідегі бекіткіш арматурадан ақау анықталған. Соған байланысты жөндеу жүргізу үшін 20-шағынаудандағы "Отрар Сити" тұрғын үй кешенінің жылуы уақытша ажыратылған.
Әкімдік мәліметінше, жөндеу жұмыстары сағат 20:15-те аяқталып, жылу беру толық қалпына келтірілген. Алайда арада бір сағаттан астам уақыт өткенде тұрғындар көшеге жиналып, жылудың жиі өшуіне наразылық білдірген.
Оқиға орнына Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш барып, тұрғындармен кездескен. Әкімдік оның жағдайды түсіндіріп, жылумен қамтамасыз ету мәселесін жеке бақылауына алғанын хабарлады.
Қала әкімдігі тағы бір мәселеге назар аударды. Аталған тұрғын үй кешендерін салған құрылыс компаниясы инженерлік желілердің құжаттарын әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органға тапсырмаған. Сонымен қатар үйлердің жеке жылу қазандықтары болғандықтан, әкімдік пен "Каспий жылу, су арнасы" мекемесінің мамандары бұған дейін олардың жылу жүйесіне тікелей араласа алмаған.
Әкімдіктің соңғы мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта "Отрар Сити" және "Манхэттен" тұрғын үй кешендеріне жылу беру толық қалпына келтірілген.