Саясат

Ақтауға бүгінгі буын мұқтажбыз

Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «сөздің ең ұлысы – тарих» деген. Тарих тек сұлу сөзбен суреттеліп қалатын дүние емес.

Jasalash.kz

Ол зерттеуді, зерделеуді, ізденуді, қажет болса ақтауды күтеді. Бірақ ақтауға тарихтағы тұлғалар мұқтаж емес. Ақтауға бүгінгі буын мұқтажбыз. 

ХХ  ғасырдың саяси қуғын-сүргін зобалаңы халқымыз үшін қасіретті кезең болды. Деректерді дәйектесек, 1921 жылдан 1954 жылға дейін 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жалған жаланың құрбаны болған ардақтыларымыздың кейбірі әлі күнге әділ бағасын алған жоқ. Осы бойынша 2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен арнайы «саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия» құрылды. Олардың мақсат-міндеттері белгіленіп, қызметтері келесідей көрініс тапты:

1. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы арнайы заңнамаларға ұсыныстар әзірлеу;

2. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, зерттеп, саяси ақтауға жататын адамдардың санаттары мен тізімін бекіту;

3. Ақталған адамдарға жерлеу орындарын дайындап, оларды іздестіріп, мәңгі есте сақтау, сонымен қатар тиісті тәртіпте ұстау үшін ұсынымдар әзірлеу;

4. Ақталған азаматтардың құқықтары мен мүддесін қалпына келтіру мәселелерін қарастыра отырып, өтініштер мен шағымдарды қарау.

2021 және 2022 жылы президент жариялаған тапсырмалар аясында Ұлытау облысында 10 жұмыс тобы және 2 кіші комиссия жұмыс істеп жатыр. Оларға Қазақстанның жетекші ғалымдары, атап айтқанда тарихшылар мен зерттеушілер тартылған. Зерттеу аясында комиссия қуғын-сүргін құрбандарын, лагерь тұтқындары, зобалаң кезінде ел тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен әскерилер мен басқа да санаттар бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Одан бөлек ғалымдар еңбекпен түзету лагерьлерінің материалдарын, Ресей Федерациясының мұрағат қорларын зерттеу үстінде.

Ұлытау облысындағы орналасқан еңбекпен түзету лагерьлерінің бірі – Степлаг. Мұнда 6 мыңдай саяси тұтқын жазасын өтеген. Қазіргі таңда аталған лагерьдің 5 бөлімшесі орналасқан жерде, бүгінде Теректі деп аталатын ауылда сызатты жылдардың куәгері болған азаматтар өмір сүріп жатыр. Осыған байланысты облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы лагерьге арнайы барып, мұндағы ауыл тұрғындарының тұрмысымен танысқан. Өңір басшысы зұлмат жылдардың жаңғырығындай болған мекенді аспан астындағы мұражайға айналдыру үшін жүргізілетін реставрациялық қалпына келтіру жұмыстарының жоспарын бақылап қайтты. Степлагты мұражайға айналдыру үшін бюджеттен 58 млн теңге бөлінген. Аталған жұмыс 6 бөлімнен тұрады. Бұл туралы Тарихи-мәдени мұраны сақтау КММ басшысы Б.Көпбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жоспарланған жұмыстар аясында абаттандыру, асхана құрылысы, бұрынғы №1, №2, №3 бөлімшелерін қалпына келтіру құрылысы жүргізіледі.

Бұдан бөлек өңірде жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылы «Алаш арыстары ұрпақ жадында» атты іс-шара барысында облыс жастары Тәуелсіздік монументі алдындағы Алаш қайраткерлерінің ескерткіш-бюст алдына гүл шоқтарын қойып, алаштықтардың рухына тағзым еткен. Сондай-ақ облыста құрбандардың құрметіне «Әлихан Бөкейхан – ұлт-азаттық күрескер» танымдық-деректі фильмі көрсетілген. Жиналған қауымға Әлиханның шырақшысы Тұңғышбай Мұқан ұлт жолында қыршын кеткен алаштықтардың қасіретті тағдыры жайлы ақпар беріп, жастарды Алаш рухын ұлықтауға шақырды.

Шыңғыс Атай
Тегтер: Без Тега