Ақтөбе облысында ҚТЖ-ның екі жұмысшысы ауыр күйік алды
Ақтөбе облысында қозғалтқыш бөлшектерін бензинмен жуу кезінде өрт шығып, теміржолдың екі қызметкері зардап шекті.
Оқиға алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар жанармайды бөшкеден басқа ыдыстарға құйып жатқанда болған. Кенеттен тұтанған бензин жалынға айналған.
46 жастағы жұмысшының денесінің 80 пайызы күйіп, тыныс алу жолдары, беті, қолы мен денесіне зақым келген. Қазір ол ауыр халде жатыр.
Оның 23 жастағы әріптесі де қолы, аяғы мен денесінен күйік алған. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Еңбек инспекциясының мәліметінше, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Қазір өрттің шығу себебі мен оған жауапты тұлғалар анықталып жатыр.