Ақтөбеде дәмхана жарылып, екі адам ауруханаға түсті
Ақтөбедегі Алтын Орда шағынауданында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада жарылыс болды.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 13 қараша күні сағат 10:28–де Тәуелсіздік даңғылы бойындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылған.
Салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған құрылыс бөлігі опырылып, артынша өрт шыққан. Тұрғын үйдің терезе құрылымдары да зақымданған. Өрт сағат 10:53-те толық сөндірілді.
Құтқарушылардың хабарлауынша, екі адам зардап шегіп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Қазір мамандар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы жүр.