Қоғам

Ақтөбедегі Неке сарайында бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің артында төрт баласы қалды

Ақтөбеде Неке сарайында пышақ жарақатынан қаза тапқан 26 жастағы әйелдің төрт баласы болғаны белгілі болды, деп хабарлайды КТК.

Фото: КТК

Қанды оқиға 3 қарашада түске таман АХАЖ ғимаратында болған. Ер адам келушілердің көз алдында әйелге пышақпен шабуыл жасаған. Полицияның мәліметінше, күдікті марқұмның бұрынғы бірге тұрған адамы. Олар шамамен үш жыл бірге өмір сүрген.

Алдын ала дерек бойынша, жанжал ер адамның ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты туындаған. Күдікті оқиға орнында ұсталып, қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Марқұмның төрт баласының екеуі күдіктімен ортақ екені хабарланды. Әйел қайтыс болғаннан кейін екі бала уақытша "Үміт" балалар үйіне орналастырылған. Қалған екі баланың қазіргі қайда екені әзірге ресми түрде айтылған жоқ.

Ақтөбе облыстық Бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаевтың айтуынша, балалардың жағдайы басқарма мен құзырлы органдардың бақылауында.

"Отбасылық жағдайларға байланысты кәмелетке толмаған екі бала "Үміт" балалар үйіне орналастырылды. Бұл жағдай облыстық Бала құқықтарын қорғау басқармасы мен құзырлы органдардың бақылауында", – деді ол.

 

Сайт Әкімшілігі