Қоғам

Архимандрит Филарет: Бүгінгі таңда дінаралық диалог бұрынғыдан да маңызды

Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі өтуде. Биыл съезге 60-қа жуық елден келген 100-ден астам делегация қатысып жатыр. Делегаттар қатарында дін жетекшілерімен бірге халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, саясат және қоғам қайраткерлері бар.

Jasalash.kz

 Әлемнің әр түкпірінен жиналған дін қайраткерлері мен сарапшылар жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде рухани дипломатияның рөліне баса назар аударды. Пленарлық отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақсыздық кезеңінде сенім мен келісімді нығайтудың маңызын атап өтті. Осыған байланысты съезд қатысушысы Ресей православ шіркеуінің Сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің төраға орынбасары, архимандрит Филарет (Булеков) өз пікірін білдірді.

-Бүгін Қазақстан Президенті бейбітшілікті сақтауда дінаралық диалогтың ерекше рөлін атап өтті. Сіз бұл тұрғыда Қазақстанның үлесін қалай бағалайсыз?

Қазақстанға, ел басшылығына алғысымды білдіремін. Көп жылдан бері елдер мен халықтарды жақындастыруға бағытталған осындай беделді алаңды қалыптастыру оңай шаруа емес. Қазір біз дәстүрлі дипломатияның немесе мемлекетаралық ынтымақтастықтың көп жағдайда нәтиже бере алмай отырғанын көріп отырмыз. Осындай кезеңде Астана бүкіл әлем үшін сенім мен өзара түсіністіктің мекеніне айналды. Бұл форум жыл сайын өзінің маңызын арттырып, Қазақстанды бейбітшілікті дәріптейтін мемлекет ретінде танытып келеді.

— Мемлекет басшысы саясат пен дипломатия тұйыққа тірелген тұста дін лидерлері дағдарыстардың алдын алуға қабілетті екенін айтты. Бүгінгі ахуалда бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Діннің рөлі қашанда бөлек. Біз адамдардың жүрегіне, ар-ұжданына жүгінеміз. Дін адамға ең басты құндылықтарды – әділеттілікті, рақым мен құрметті еске салады. Ал саясат пен экономика көбіне өз мүддесін алға шығарғанда шиеленістер туындайды. Осындайда діннің үнін есту өте қажет. Ол қоғамды сабырға шақырады, бейбітшіліктің құнын еске салады. Сондықтан осындай съездер формалды кездесу емес, бүгінгі күннің шынайы қажеттілігі. Олар сенімге негізделген жаңа көпірлерді қалыптастыруға көмектеседі.

VIII Съезд бір нәрсені айқын көрсетті: дінаралық және мәдениетаралық диалогқа бүгінгі күні бұрынғыдан да артық сұраныс бар. Ал Қазақстан осы үндеулердің жаһанға тарайтын ерекше алаңына айналды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде рухани көшбасшыларды «Бейбітшілік елшілері» деп атап, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында дінаралық және мәдениетаралық диалогтың маңызын ерекше атап өтті. Сіздің ойыңызша, бүгінгі күрделі әлемдік жағдайда діндер мен рухани көшбасшылар жаһандық диалог пен бейбітшілікке нақты қалай үлес қоса алады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рухани көшбасшыларды «Бейбітшілік елшілері» деп атауы – терең мәні бар және қазіргі кезеңде ерекше өзектілігі жоғары тұжырым. Өкінішке қарай, бүгінгі әлемде діни айырмашылықтар кейде қарама-қайшылық пен шиеленіс құралына айналып отыр. Мұндай жағдайда мемлекет басшысының діннің шынайы бейбітсүйгіш табиғатын еске салып, діни лидерлерге үлкен жауапкершілік жүктеуі – өте орынды.

Президент атап өткендей, бүгінгі күннің басты қажеттілігі – ашық әрі сындарлы диалог. Бұл тек саясаткерлердің ғана емес, рухани көшбасшылардың да тікелей міндеті. Себебі олар адам жүрегіне жол таба алады, ал жүрек өзгерсе қоғам өзгереді.

Қазақстан ұсынған «Бірлігіміз әралуандықта» қағидаты – заманауи әлемге қажет үлгі. Мұнда әртүрлі дін мен мәдениет өкілдері өз құндылықтарын жоғалтпай, бір қоғамда бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл тәжірибе бізге көрсетеді: діни көптүрлілік – қауіп емес, байлық.

Съезд рухани серіктестіктің нақты көрінісі. Мұнда құр сөз емес, әрекет пен ниет тоғысады. Жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мұндай форумдардың рөлі арта түседі деп сенемін. Өйткені, бейбітшілік тек келіссөздерде емес, сенім мен өзара құрмет негізінде ғана орнайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: дін