Саясат

Армения Әзербайжанмен жер алмастыруды ұсынды

Армения премьер-министрі Николь Пашинян Әзербайжанмен бейбіт келісімде екі елдің шекарасында анклавтар мен эксклавтар қалмауы керек екенін айтты.

Фото: Tigran Mehrabyan/Armenian Prime Minister Press Service/PAN Photo

Сондай-ақ даулы жерлерді көлемі бірдей аумақтармен алмастыруды ұсынды.

Вести Баку басылымының APA-ға сілтеме жасап хабарлауынша, Пашинян бұл туралы 14 қазанда әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде мәлімдеген.

Оның айтуынша, бейбіт келісім жасалғаннан кейін Арменияның халықаралық деңгейде мойындалған аумағы 29 743 шаршы шақырым болуы керек. Пашинян екі елдің шекарасындағы даулы жерлерді өзара келісім арқылы шешіп, аумақтарды тең көлемде алмастыру қажет деп санайды.

Пашинян барлық жолдар мен көлік қатынасын ашуды да қолдайтынын айтты. Бұл TRIPP жобасына қатысты жолдарды ғана емес, басқа бағыттарды да қамтуы керек.

Сонымен қатар ол Армения мен Әзербайжан бір-біріне аумақтық талап қоймауы қажет екенін атап өтті. Пашинян Қарабақ, Гирдман, Ширван, Нахчыван және Батыс Әзербайжан мәселелерін де атап, тарихқа қатысты уәждер жаңа аумақтық талаптарға себеп болмауы керек деді.

Армения премьер-министрінің айтуынша, ол мұндай ұстанымға Түрікменстанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездескеннен кейін келген.

Алайда бұл мәлімдеме екі елдің аумақ алмасуға нақты келіскенін білдірмейді. Әзірге бұл – Арменияның бейбіт келісімге қатысты ұстанымы. Шекараның нақты қай тұстан өтетіні және жер алмасу мәселесі екі тараптың бөлек келісуін талап етеді.

 

 

Сайт Әкімшілігі