Саясат

Арменияда Пашинянның қарсыласы Гагик Царукян екі айға қамауға алынды

Армения соты 7 шілде күні оппозициялық «Гүлденген Армения» партиясының жетекшісі, миллиардер Гагик Царукянн екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

Фото: ашық дереккөз

 Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінді.

Царукян бір күн бұрын үйінде шамамен 12 сағатқа созылған тінтуден кейін ұсталған. Арменияның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері оны алдымен Тергеу комитетіне жеткізіп, ресми айып таққан. Кейін қолына кісен салынып, сотқа апарылған.

Тергеу комитетінің мәліметінше, Гагик Царукян Иран мен Армения арасындағы логистикалық байланысты ұйымдастыру сылтауымен құрылған қылмыстық топты басқарған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл топ жалған құжаттар мен алдау тәсілдерін пайдаланып, ирандық компанияларға тиесілі 52 көлік құралы, техника және тауарды иемденген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 22 миллион доллар деп бағаланып отыр. Кейін осы қаражатты заңдастыру әрекеттері жасалғаны айтылды.

Ал Гагик Царукян өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істі саяси астары бар қолдан ұйымдастырылған қудалау деп атады.

Саясаткердің серіктестері құқық қорғау органдары премьер-министр Никол Пашинянның тапсырмасымен әрекет етіп жатқанын мәлімдеді.

Жуырда өткен парламент сайлауында «Гүлденген Армения» партиясы парламентке өте алмай қалды. Партияға небәрі бірнеше ондаған дауыс жетпеген. Сарапшылар бұл саяси күшті, сондай-ақ Роберт Кочарян жетекшілік ететін «Армения» блогын және Самвел Карапетян құрған «Күшті Армения» қозғалысын Ресейге жақын саяси күштер қатарына жатқызады.

Сайлауалды науқан кезінде Никол Пашинян Кочарянды, Карапетянды және Царукянды түрмеге отырғызатынын айтып, қатаң мәлімдемелер жасаған болатын. Қазіргі таңда аталған үш саясаткердің бәріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, тергеу изоляторына тек Гагик Царукян ғана қамалды.

Оппозициялық күштер оның қамауға алынуын айыптап отыр. Ал премьер-министр Никол Пашинян бұл жағдайға әзірге жария түрде пікір білдірген жоқ.

Сайт Әкімшілігі