Саясат

Армениядағы Ресей әскери базасы: Ереван Мәскеудің кетуіне қарсы емес

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей президентімен өткен кездесудің қорытындысы және елдегі Ресейдің 102-әскери базасының болашағы туралы айтты.

Фото: Tigran Mehrabyan/Armenian Prime Minister Press Service/PAN Photo

Оның сөзінше, Мәскеумен базаны Армениядан шығару мәселесі талқыланбаған.

«Егер Ресей базаны шығару туралы шешім қабылдаса, біз қарсылық білдірмейміз. Ал қалдыруды шешсе, оны да талқылауға дайынбыз», – деді Пашинян брифингте.

Премьер-министр Бішкекте Ресей президенті Владимир Путинмен өткен кездесуіне де тоқталды. Оның айтуынша, тараптар армян-ресей қарым-қатынастарына «түгендеу» жүргізуге келіскен.

«Тараптардың қандай мәселелер бойынша ұстанымы сәйкес келетінін, ал қай тақырыптарда көзқарастары алшақ екенін талдап, анықтау қажет», – деді Армения үкіметінің басшысы.

Ресейдің 102-әскери базасы 1995 жылдан бері Арменияның Гюмри қаласында орналасқан. 2010 жылы базаны орналастыру туралы келісімнің мерзімі 2044 жылға дейін ұзартылған.

Бұл база Ресейдің Оңтүстік Кавказдағы осындай ауқымдағы жалғыз әскери нысаны саналады.

Сайт Әкімшілігі