Қоғам

Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян мен оның ұлы ұсталды

Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарян мен оның ұлы Левон Кочарянның ұсталғанын растады.

Фото: ашық дерекқөз

Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс аясында барлығы алты адам қамауға алынған. Тергеу барысында бұрынғы президенттің қызметтік жағдайын пайдаланып, жақын адамдарымен алдын ала келісім арқылы мемлекет меншігіндегі бірқатар маңызды жылжымайтын мүлік нысандарын нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен құнға алғаны туралы деректер анықталған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, бұл мүліктердің нақты иелері мен шығу тегін жасыру үшін олар өзара байланысты компаниялардың атына рәсімделген. Кейін нысандар салынып, сатылған немесе үшінші тұлғаларға берілген.

Сонымен қатар комитет Роберт Кочарянның ұлы Левонның атына 2001-2019 жылдары жасалған ірі көлемдегі ақша аударымдарын да тексеріп жатыр. Тергеу материалдарында шамамен 144 млрд драм, 309 млн доллар, 77 млн еуро және 18 млн рубль көлеміндегі қаражат туралы айтылған.

Бұдан бөлек, Арменияда және шетелде орналасқан 30-дан астам жылжымайтын мүлік нысанының қалай сатып алынғаны зерттеліп жатыр.

Мүліктердің сатылып немесе басқа адамдарға беріліп кетуіне жол бермеу үшін оларға тыйым салу бойынша тиісті шаралар қабылданған.

Роберт Кочарян Арменияны 1998 жылдың 30 наурызынан 2008 жылдың 9 сәуіріне дейін басқарған. Ол елдің екінші президенті болды.

Сайт Әкімшілігі