Қоғам

Аршалыда телефон үшін төрт туысын өлтірген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі соты елорда маңындағы Жібек жолы ауылында төрт адамның қаза болуына қатысты іс бойынша шешім шығарды.

Фото: ашық дереккөз

Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ер адам параноидты шизофренияға шалдыққан.

Сарапшылардың мәліметінше, қылмыс жасалған сәтте ол өз әрекетінің мәнін түсінбеген және қазіргі уақытта тергеу мен сот процесіне қатысуға психикалық жағдайы мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты сот оны есі дұрыс емес деп танып, қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Сот қаулысымен ер адам қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға сотталушының анасының үйінде болған. Ер адам сынған ұялы телефонға байланысты қарындасымен жанжалдасып, агрессивті әрекет көрсеткен. Қорыққан қыз полиция шақырған. Оқиға орнына келген учаскелік инспекторлар жанжалды уақытша реттеп, анасының өтінішімен ер адамға қатаң шара қолданбай кеткен.

Алайда полицейлер кеткеннен кейін ер адам ашуға мініп, үйде болған адамдарға балтамен шабуыл жасаған. Салдарынан оның анасы, қарындасы және екі қонақ оқиға орнында көз жұмған. Қаза тапқандардың үшеуі зейнет жасындағы азаматтар болған.

Іс барысында күдіктінің бұған дейін де сотталғаны, сондай-ақ 2023 жылдан бері «параноидты шизофрения» диагнозымен психиатриялық есепте тұрғаны анықталды.

Сайт Әкімшілігі