Әлеумет

"Арықтағысы келеді": Омбудсмен Марат Жыланбаевтың неге жалғыз отырғанын түсіндірді

Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев түрмеде жазасын өтеп жатқан белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевтың жеке камерада өз қалауымен отырғанын мәлімдеді.

Марат Жыланбаев. Фото: Раиса Шер

Бұған дейін құқық қорғаушылар Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында Жыланбаевтың жағдайы ауыр екенін, ал адвокаттары онымен бір жылдан бері кездесе алмай жүргенін айтқан.

Ластаевтың сөзінше, ол Жыланбаевпен бірнеше рет кездескен. Соңғы рет биыл қаңтар айында барған.

"Мен онымен кездескенде, ол жеке камерада отырған. Мұның себебін өзі түсіндірді. Ол арықтап, марафонға дайындалып жатқанын айтты. "Бостандыққа шыққанда өз рекордымды жаңартуым керек" деді. Арықтау кезінде адам ағзасында белгілі бір өзгерістер болады, сондықтан оған жалғыз отырған ыңғайлы. Ол қатыгездікке қатысты ешқандай шағым айтқан жоқ", – дедіЛастаев.

Ал Жыланбаевтың адвокаттары неліктен оған кіре алмай жүргені туралы сұраққа омбудсмен нақты жауап бере алмады.

63 жастағы Марат Жыланбаев – әлемге танымал ультрамарафоншы, Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иесі және планетаның ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз адам. 2023 жылдың көктемінде ол қамауға алынып, сол жылдың күзінде жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Марафоншыға "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша айып тағылған. Бұл айыптар шетелде жүрген оппозиционер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысты. Астана қалалық соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп таныған. 

Белсенді мен оның туыстары бұған дейін колониядағы қысым мен қатыгез қарым-қатынасқа бірнеше рет шағымданған. Жыланбаев сот үкіміне наразылық ретінде бірнеше мәрте аштық жариялаған.

2026 жылдың ақпанында оның қызы Анель Жыланбаева әкесінің қатты арықтап, денсаулығы нашарлағанын мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі