Қоғам

Әскерде зорлық көргенін айтып, жалған ақпарат таратқан ер адам үш жылға сотталды

Астанада 23 жастағы ер адам алаяқтық жасап, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол Threads әлеуметтік желісінде өзін әскерде қызмет өткеру кезінде сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп мәлімдеп, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған.

Алайда тергеу барысында оның ешқашан әскери қызметте болмағаны анықталды. Белгілі болғандай, ер адам бұл оқиғаны адамдардан ақша жинау мақсатында ойдан шығарған.

Ведомствоның мәліметінше, жарияланымнан кейін екі күн ішінде көрсетілген банк шотына көптеген азаматтан ақша аударылған.

Еске салайық, аталған жарияланымның авторы биыл наурыз айында ұсталған болатын. Тергеу барысында оның әскердегі зорлық-зомбылық туралы айтқан мәліметтері расталмағаннан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Сайт Әкімшілігі