Қоғам

Әскерилердің өліміне қатысты әлеуметтік желіде тараған бірнеше ақпарат жоққа шығарылды

Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға әлеуметтік желілерде түрлі жалған ақпарат пен манипуляциялық контенттің таралуына себеп болған. Бұл туралы Жалған ақпаратқа

Фото: ашық дереккөз

Орталықтың мәліметінше, оқиғаға қатысы жоқ ескі видеолар қайта жарияланып, кейбір материалдар жасанды интеллект көмегімен жасалған. Сонымен қатар қаза болған әскери қызметшілер мен олардың жақындарының қайғысын пайдаланып, расталмаған болжамдар таратылған.

Орталық бірнеше кең тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.

«Қаза болғандардың нақты саны жасырылып отыр» деген ақпарат – жалған. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында деректер нақтыланып, соңғы ресми мәлімет бойынша 14 әскери қызметші қаза болғаны хабарланды.

Әскери қызметшілер тікұшақтан десантталды деген ақпарат та расталмады. Тергеу деректеріне сәйкес, әскери қызметшілер катермен оқу-жаттығу тапсырмасын орындаған. Оқиғаның барлық мән-жайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы қазір тергеліп жатыр.

Командирдің мас болғаны туралы мәліметке де дәлел жоқ. Орталық мұндай ақпаратты растайтын дерек жоқ екенін мәлімдеді. Оның үстіне аталған командир әскери қызметшілермен бірге қаза тапқан.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде әскери қызметшінің денесі тасымалданып жатқандай көрсетілген ескі видео тараған. Тексеру барысында бұл бейненің қайғылы оқиғаға дейін, тамыз айында жарияланғаны анықталған.

Каспий жағалауында түсірілді делінген тағы бір видеоның да Маңғыстауға қатысы жоқ. Орталықтың мәліметінше, ролик Марокконың Танжер қаласында түсірілген.

«Мемлекет ешқандай тергеу жүргізіп жатқан жоқ» деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп, Үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар әскери қызметшілердің қазасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігінің жұмысына кешенді тексеру жүргізетін жеке комиссия да құрылды. Комиссия әскери оқу-жаттығуды ұйымдастыруға, бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне баға береді.

Орталық азаматтарды әлеуметтік желідегі ақпаратты таратпас бұрын оның дереккөзін тексеруге шақырды. Көрінеу жалған ақпарат тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Сайт Әкімшілігі