Астана әкімдігіне қарасты спорт дирекциясынан 40 млн теңге ұрланған
Елорданың спортты дамыту дирекциясында жалған өткізілген жиындарға бөлінген 40 млн бюджет қаражаты жымқырылды.
Астана қаласы әкімдігінің "олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясы" КММ-де бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлау фактісін Қаржылық мониторинг агенттігі анықтады.
Мәселен, 2021-2022 жылдар кезеңінде ҚММ лауазымды тұлғалары оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бөлінген бюджеттік қаражатты жымқырған. Іс жүзінде жиындар өткізілмеді, жаттықтырушылар спортшылардың жүріп-тұруы және тамақтануы туралы жалған есептер тапсырды, делінген хабарламада.
Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген залал сомасы 40 млн теңгеден асады.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті соттың санкциясымен қамауға алынған.