Қоғам

Астана әуежайында жолаушы бірден төрт бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылды

Астана әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Новосибирск – Астана бағытындағы әуе рейсінің 34 жастағы жолаушысын анықтап, ұстады.

Фото: polisia.kz

Ұшақтың ұшуы кезінде мас күйде болған ер адам өзін дөрекі ұстап, әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан, бортсеріктердің ескертулеріне де құлақ аспаған.

Бұған қоса, мән-жайды анықтау барысында ол тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған. Құқық бұзушы ұсталып, полиция бөлмесіне жеткізілді.

Ұсталған азамат ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды; қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. 

Nazym Sapar
Тегтер: жолаушы