Астанада 20 жастағы қыздың қазасына қатысты тергеу жүріп жатыр
Астанада 20 жастағы қыздың қазасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Оның сүйегі елордадағы Есіл жағалауынан табылған. Марқұмның әкесі қызының өліміне интернет-алаяқтардың қатысы бар деп есептеп, полицияны әрекетсіздікке айыптады.
Бұл жағдайға Астана қалалық полиция департаменті пікір білдірген.
Әлеуметтік желіде резонанс тудырған жазбаны қазақстандық Саябек Канаха жариялаған. Оның айтуынша, 20 жастағы қызы Айсәуленің мәйіті Есіл өзенінің жағалауынан 1 сәуір күні табылған. Әкесі оқиғаның мән-жайы көптеген сұрақ туғызатынын айтады.
«Мәйіт шалқасынан жатқан. Басына күлгін түсті полиэтилен пакет кигізілген, иек астынан екі жерден әлсіз байланыпты. Маңдай тұсында көгерген із болғанын туыстары мен оқиға орнын қарау хаттамасы растайды», — деп жазды ол.
Марқұмның әкесі қылмыстық істің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркелуімен келіспейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Айсәуле өлер алдында бірнеше күн бойы халықаралық интернет-алаяқтардың қатты психологиялық қысымына ұшыраған. Солардың нұсқауымен қыз 1,1 миллион теңгеден астам қаражатты алаяқтарға аударған.
Әкесі киберқылмыскерлердің әрекеті мен қызының өлімі арасында тікелей байланыс бар деп санайды. Алайда, оның пікірінше, тергеу барысы созбалаңдыққа салынған.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі 2005 жылы туған қыздың мәйіті табылғанын растады. Сонымен бірге, полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі туралы айыптауларды жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желілерде тараған полиция әрекетсіздігі туралы мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді. Барлық процессуалдық және жедел шаралар толық көлемде жүргізіліп жатыр. Қаза тапқан қыз пайдаланған такси жүргізушісі анықталып, жауап алынды. Бейнежазбалар тәркіленіп, зерттелуде, оның қозғалыс маршруты тексеріліп жатыр», — деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ полиция өкілдері қызды алдаған интернет-алаяқтарды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу нәтижесі бойынша анықталады. Іс полиция басшылығының бақылауына алынған.