Әлеумет

Астанада әкімдікке барған 20-дан астам адамды полиция ұстап әкеткені хабарланды

4 қарашада Астанада "Қосымша" бағдарламасы аясында жұмыс істейтін білім беру ұйымдарының 20-дан астам өкілі қала басшылығымен кездесуді талап етіп, әкімдікке барған.

Фото скриншот

Алайда оларды полиция бөлімшеге алып кеткен. Бұл туралы  "Өткір күрек" хабарлады.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, олар бұған дейін де қала әкімі мен оның орынбасарларының қабылдауына бірнеше рет жазылуға тырысқан. Алайда шенеуніктермен кездесе алмаған.

Наразылыққа қосымша білім беру ұйымдарында қызмет сапасын бақылау мақсатында енгізіліп жатқан Face ID жүйесі себеп болған.

Ұйым өкілдері жабдықтардың тендер өткізілместен және қажетті рұқсат құжаттарынсыз орнатылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ олар балалардың биометриялық деректері Қазақстан аумағынан тыс жерде, Yandex компаниясының бұлтты сервисінде сақталуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген.

Осыған байланысты білім беру ұйымдарының өкілдері қала әкімдігінен Face ID жүйесін енгізудің заңдылығын, балалардың жеке деректерінің қалай қорғалатынын және ақпараттың қайда сақталатынын түсіндіруді талап етіп отыр.

Әзірге жабдықтардың заңсыз орнатылғаны немесе балалардың биометриялық деректерінің шетелдік серверлерде сақталатыны тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Астана әкімдігі мен полиция оқиғаға қатысты ресми түсініктеме бергені туралы ақпарат жоқ. Азаматтардың қандай негізде полиция бөлімшесіне жеткізілгені де белгісіз.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Астана