Оқиғалар

Астанада атеросклероз және жүрек-қан тамырлары ауруларымен күрестің жаңа тәсілдері талқыланды

14-15 тамыз күндері Астанада Қазақстан атеросклероз қоғамының (ҚАЗАҚ) үшінші жыл сайынғы съезі өтті. Оған офлайн және онлайн форматта 1,6 мыңнан астам дәрігер мен мейіргер ісінің маманы қатысты.

Фото: gov.kz

Съезд Қазақстан атеросклероз қоғамы құрамына кіретін Халықаралық атеросклероз қоғамының (IAS), Еуропалық атеросклероз қоғамының (EAS), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында 13 ғылыми сессия өтті. Биыл алғаш рет кардиоренометаболикалық синдром мен мультидисциплинарлық команданың жұмысына, әйелдер денсаулығы мен жүрек ауруларына, ми, жүрек, атеросклероз және деменция арасындағы байланысқа жеке назар аударылды. Сондай-ақ алғаш рет мейіргерлер сессиясы және Қазақстан атеросклероз қоғамының пациенттер қанатының сессиясы ұйымдастырылды.

Съезде 68 спикер сөз сөйледі. Олардың 20-сы халықаралық орталықтар мен кәсіби ұйымдардың, соның ішінде International Atherosclerosis Society және European Atherosclerosis Society өкілдері болды.

Жиынға Қазақстанның барлық өңірінен 506 дәрігер мен мейіргер ісінің маманы офлайн қатысты. Тағы 1112 адам онлайн қосылды. Трансляцияны Қазақстаннан бөлек Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Молдова, Нидерланд, АҚШ, Қытай, Эстония және Грузиядан көрген.

Жүрек-қан тамырлары аурулары басты тақырыптардың бірі болды

Съездің негізгі тақырыптарының бірі – қан айналымы жүйесінің аурулары. Жиында айтылған мәліметтерге сәйкес, бұл аурулар әлемде адам өлімінің негізгі себебі болып қала береді. Ал жедел миокард инфаркті мен инсульт өлім мен мүгедектікке әкелетін басты аурулардың қатарында.

Бұл аурулардың негізінде жүрек пен ми артерияларының атеросклерозы жатыр. Съезде ұсынылған деректер бойынша, жағдайлардың 90 пайызында аурудың нәтижесін атеросклероз айқындайды.

Осыған байланысты мамандар атеросклероздың пайда болу механизмдері мен себептерін, оны ерте диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл шаралар жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім мен мүгедектік көрсеткіштерін төмендетуге ықпал етуі мүмкін.

Съезде атеросклерозға, сондай-ақ оның салдарынан туындайтын қан айналымы жүйесінің ауруларына, жедел миокард инфаркті мен инсультке қатысты ғылыми және практикалық ұсыныстар қаралды.

Қазақстанда липидтік орталықтар желісін кеңейту ұсынылды

Жиында Қазақстанда атеросклерозды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері енгізіліп жатқаны, сондай-ақ амбулаториялық және стационарлық кардиологиялық қызметті ұйымдастыруға қатысты жүйелі мәселелер шешіліп жатқаны айтылды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл жұмыстарға IAS және EAS халықаралық ұйымдары жоғары баға берген.

Съезд қорытындысы бойынша негізгі ұсыныстар арнайы резолюцияға енгізілді.

Соның бірі – медицина қызметкерлерін липидология, атеросклероз және кардиоренометаболикалық синдром негіздері бойынша кәсіби оқытуды дамыту және білім беру бағдарламалары бойынша міндетті сертификаттау.

Даярлық кардиологтарды, жалпы практика дәрігерлерін, терапевтерді, эндокринологтарды, неврологтарды, нефрологтарды, қан тамырлары хирургтері мен интервенциялық кардиологтарды қамтуы тиіс. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде мультидисциплинарлық командалар құрып, мейіргер ісі мамандарын оқыту ұсынылды.

Тағы бір бағыт – Қазақстанның облыс орталықтары мен ірі қалаларында халықаралық Lipid Clinic Network ұйымының құрамына кіретін липидтік орталықтар желісін одан әрі дамыту.

Сонымен қатар барлық өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, әсіресе ауылдық жерлерде атеросклероз кабинеттерін ашу ұсынылды. Мұндай орталықтар практикалық денсаулық сақтау саласының клиникалық, білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарына халықаралық стандарттарды енгізуге ықпал етуі тиіс.

Скринингке жасанды интеллект қолданылмақ

Съезд резолюциясында медициналық қызметкерлерді тікелей тартпай-ақ, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы халық арасында скринингтік зерттеулерді кеңейту ұсынысы да бар.

Бұдан бөлек, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерді бағыттау және бақылау жүйесін жетілдіру, липидтік орталықтар мен атеросклероз кабинеттері базасында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен заманауи диагностика және емдеу әдістерін енгізу ұсынылды.

Басқа ұсыныстардың қатарында атеросклероздың тұқым қуалайтын түрлері бар пациенттердің негізгі топтары бойынша ұлттық регистрлерді дамыту, сондай-ақ пациенттердің жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға қатысуын және емді тұрақты қабылдауға бейімділігін арттыру бар.

Осылайша, съезд қорытындысында қабылданған ұсыныстар атеросклерозды диагностикалау мен емдеумен ғана шектелмейді. Олар медицина мамандарын даярлау, арнайы инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, скрининг жүйесін жетілдіру және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу жұмыстарын да қамтиды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: дәрігер