Астанада бойжеткен 15-қабаттан құлап, балалы арбаның үстіне түсті: екеуі де қаза тапты
Астанада 27 жастағы қыз бен екі жасар бала қайғылы жағдайда қаза тапты. Бойжеткен көпқабатты үйдің 15-қабатынан құлап, төменде тұрған балалар арбасының үстіне түскен.
Полицияның "Ұлыс Медиа" редакциясына берген мәліметінше, 27 жастағы қыз тұрғын үйдегі пәтердің 15-қабатындағы терезеден құлаған.
Ол құлаған кезде екі жасар бала отырған арбаның үстіне түскен. Алған жарақаттарынан бала көз жұмды. Қыз да оқиға орнында қаза тапқан.
Қылмыстық іс қозғалды
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғап, тексеру жүргізіп жатыр. Қазір құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар заманауи көпқабатты үйлердің маңында жүру қаншалықты қауіпсіз деген мәселе көтерген.
«Неліктен қазіргі тұрғын үй кешендерінің айналасында ескі үйлердегідей қалыпты қоршаулар жоқ? Бірде қасбеті құлайды, бірде түрлі конструкциялар түседі, енді міне, осындай сұмдық жағдай болды», – деп жазды тұрғындардың бірі Threads желісінде.
Тұрғындардың пікірінше, биік үйлердің қасбеті бойында адамдардың ғимаратқа тым жақын келуіне және балалар арбасын қалдыруына жол бермейтін арнайы қауіпсіздік аймағы болуы керек.