Әлеумет

Астанада даулы видеодан кейін Samsa food наубайханасының жұмысы тоқтатылды

Астанада даулы видеодан кейін Samsa food наубайханасының жұмысы тоқтатылды

Фото скриншот

Астанада әлеуметтік желіде тараған даулы видеодан кейін Samsa food наубайхана цехы жабылды. Санитариялық дәрігерлер кәсіпорыннан бірқатар заңбұзушылық анықтап, оның қызметіне тыйым салды. Кәсіпкерге айыппұл салынды.

Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы азаматтардың e-Otinish порталы арқылы жолдаған шағымдары негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында кәсіпкердің қызметін бастау туралы міндетті хабарлама бермей жұмыс істегені анықталған. Сонымен қатар цех қызметкерлері қажетті медициналық тексеруден өтпеген, ал оларды жұмыстан уақытша шеттету жөніндегі міндетті талаптар орындалмаған.

Осыған байланысты 19 қарашада жеке кәсіпкерге қатысты нысан қызметіне тыйым салу түріндегі жедел ден қою шарасы қабылданды. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Даудың неден басталғаны белгілі болды

Бұған дейін кәсіпкер Арайлым Алтынбекқызы Threads әлеуметтік желісінде қызметкерлерін жұмысқа кешіккені үшін сөгіп, үшеуіне айыппұл салатынын айтқан видеосын жариялаған.

Алайда желі қолданушылары қызметкерлердің тәртібінен гөрі тағам дайындалатын орынның санитариялық жағдайына назар аударған.

Бейнежазбада кәсіпкердің өндірістік цехта сырт киіммен және көшеде киетін аяқкиіммен жүргені, дайын өнімдердің еденге қойылған ыдыстарда сақталғаны байқалады. Кейбір қызметкерлер қолғапсыз және баскиімсіз жұмыс істеген.

Видео 120 мыңнан астам қаралым жинап, қоғамда қызу талқыланды. Желі қолданушылары санитариялық қызметтен кәсіпорынды тексеруді талап еткен.

Қоғамдық сыннан кейін кәсіпкер жауап ретінде тағы бір видео жариялап, өндіріс орнындағы әрекеттерден заңға қайшы ештеңе көрмейтінін мәлімдеген. Оның айтуынша, көптеген кәсіпкер өндіріс барысын көпшілікке көрсетпейді, ал өзі ашық болғаны үшін сынға қалған.

Алайда санитариялық қызмет жүргізген тексеру нәтижесінде кәсіпорында заңбұзушылықтар бар екенін ресми түрде растады. Нәтижесінде наубайхана цехының қызметіне тыйым салынды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Астана