Заң және тәртіп

Астанада мұғалімдерге оқушыларды құқық бұзушылық пен интернеттегі қауіптен қорғау жолдары түсіндірілді

Заң мен тәртіп

Фото Астана қаласы әкімдігі

"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Астанада білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.

Елордадағы № 95 мектеп-лицейінде мұғалімдердің қатысуымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған арнайы дәріс өтті. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Қалалық прокуратура ұйымдастырған іс-шара "Мектептегі қауіпсіздік: кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы педагогтің рөлі" тақырыбына арналды.

Кездесу барысында мектеп оқушылары тап болуы мүмкін түрлі қауіп-қатерлер талқыланды. Атап айтқанда, балалар арасындағы буллинг пен кибербуллинг, қорқытып ақша талап ету, жасөспірімдерді есірткі заттарының заңсыз айналымына тарту, сондай-ақ интернет арқылы жүзеге асырылатын қаржылық алаяқтық схемаларына қатыстыру мәселелері қозғалды.

Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және олардың психологиялық жағдайына назар аудару қажеттігі түсіндірілді.

Дәріс барысында педагогтерге оқушының мінез-құлқындағы күмәнді өзгерістерді дер кезінде байқаудың маңызы айтылды. Мамандар баланың тұйықталуы, мінезінің өзгеруі немесе өзге де алаңдатарлық белгілер байқалған жағдайда мұғалімнің қандай әрекет жасауы керектігіне тоқталды.

Ең алдымен, оқушымен сенімді қарым-қатынас орнатып, оның мәселесін мұқият тыңдау қажеттігі атап өтілді. Егер құқық бұзушылық немесе бала қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай анықталса, оны тиісті тәртіппен тіркеп, жауапты мамандар мен құзырлы органдарға уақытылы хабарлау маңызды.

Кездесуде педагогтің басты міндеті құқық бұзушылықты өз бетінше тергеу емес, қауіптің алғашқы белгілерін анықтап, баланы қорғауға бағытталған шаралардың дер кезінде қабылдануына ықпал ету екені ерекше айтылды.

Мұндай тәсіл мектеп ұжымы, ата-аналар және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтып, балаларға қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді.

Айта кетейік, қазіргі цифрлық ортада жасөспірімдердің түрлі заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық, дропперлік схемалар және есірткі саудасына қатысты заңсыз ұсыныстар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігін көрсетеді.

Осыған байланысты мектеп қабырғасында құқықтық тәрбие беру, оқушыларға заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру және олардың жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру маңызды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, профилактикалық кездесудің негізгі мақсаты – педагогтердің құқықтық білімін жетілдіру, балаларға төнетін қауіп-қатерлерді ерте анықтау және білім беру ұйымдарында құқық бұзушылыққа төзбеушілік қағидатын орнықтыру.

Бұл бастама "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы мен "Қауіпсіз қоғам" бағытының мақсаттарымен үндесіп, жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мектептерде жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Сайт Әкімшілігі