Астанада Назарбаевтың ұлы Тауманның тойы өтті
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы Тауман Назарбаев Астанада үйлену тойын өткізді.
21 жастағы Тауманның қалыңдығы – бұрынғы вице-министр Әділбек Сәрсембаевтың қызы Айдана Сәрсембаева. Той елордадағы The Ritz-Carlton қонақүйінде өтіп, ұйымдастырушылар оның барынша жабық өтуіне ерекше мән берген.
Бірқатар БАҚ жариялаған мәліметтерге қарағанда, тойға қатысқан қонақтарға фото және видео түсіруге шектеу қойылған. Смартфондар арнайы құлыпталатын қаптарға салынып, камераларды пайдалану мүмкіндігі шектелген. Қонақүйдің той өтетін бөлігіне бөгде адамдар жіберілмей, шақырылғандар үшін жеке кіреберіс ұйымдастырылған. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жыл бойы көпшілікке белгісіз болып келген екінші отбасындағы үлкен ұлының үйленуі де әулеттің жеке өміріне тән жабық форматта өтті.
Қонақүйге тек тойға шақырылғандар кірген
Тауман Назарбаев пен Айдана Сәрсембаеваның үйлену тойы өткен демалыс күндері Астанадағы The Ritz-Carlton қонақүйінде ұйымдастырылған. Қонақүй салтанатқа арнайы безендіріліп, ресепшен мен баспалдақтарға көп мөлшерде ақ гүл қойылған. Әсіресе баспалдақ гүл композицияларымен көмкерілген. Ал тойға шақырылған адамдар үшін ғимараттың бүйірінен бөлек кіреберіс қарастырылған. Сол күні қонақүйдің лоббиіне келген өзге адамдарға ғимаратта «өте маңызды іс-шара» өтіп жатқаны түсіндіріліп, той өтетін аумаққа жақындауға мүмкіндік берілмеген. Қонақтарға тойбастар ретінде шағын гүл шоқтары таратылғаны да айтылады. Тойдан сарқыт та дәстүрлі үлгіде таратылған. Бірақ пакеттерде той иелерінің аты-жөні немесе қандай да бір жазу болмаған.
Тойдың ең көп талқыланған ерекшелігінің бірі – қонақтардың телефондарына қойылған шектеу. Шақырылғандардың смартфондары арнайы чехол немесе қапқа салынып, құлыпталған. Мұндай әдіс телефонды адамның өзінде қалдыруға мүмкіндік береді, бірақ оның камерасын пайдалануға жол бермейді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиевтің жұбайы Аида Әлиева да әлеуметтік желіде тойға дайындалып жатқан сәтін жариялап, қонақтардың телефондарын арнайы құлыпты қаптарға салғанын жазған. Ол шараның қатаң құпиялылық режимінде өткенін меңзеген. Соған қарамастан, тойдан бірнеше кадр әлеуметтік желіге тарап үлгерген. Мұндай қатаң шара ұйымдастырушылардың тойға қатысты фото-видеолардың интернетке тарап кетпеуін барынша бақылауға тырысқанын көрсетеді.
Jah Khalib өнер көрсеткен
Тойда танымал әнші Jah Khalib өнер көрсеткен. Оның өнер көрсеткені бірнеше басылымның материалында айтылады. Негізгі той аяқталғаннан кейін мереке де бірден тоқтамаған. БАҚ мәліметінше, қонақтардың бір бөлігі кейін Lilou Bar-ға барған. Сол күні бұл орын қарапайым келушілер үшін толық жабылып, жеке кеш ұйымдастырылған.
Бар әкімшілігі Instagram парақшасында сол күні жабық болатынын алдын ала хабарлаған. Осылайша, тойдың негізгі бөлігі де, кейінгі кеш те бөгде адамдарсыз өткен.
Назарбаевтың екінші некесінен туған балалары
Тауман 2005 жылы дүниеге келген. Оның анасы Әсел Исабаева, сондай-ақ Әсел Құрманбаева есімімен белгілі. Ол 1999 жылы «Қазақстан аруы» атағын алған. Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші отбасы туралы ұзақ уақыт бойы ресми түрде айтылмай, тек түрлі ақпарат тараған еді. Назарбаев бұл туралы алғаш рет 2023 жылы жарық көрген
«Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты мемуарында жазды. Ол Әселмен мұсылман дәстүрі бойынша некелескенін мәлімдеген. Бұл некеден екі ұл дүниеге келген:Тауман – 2005 жылы, Байкен – 2008 жылы.
2024 жылғы наурызда Тауманның есімі тағы да ақпарат құралдарында аталды. Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріндегі New York University Abu Dhabi кампусына барған кезде қазақстандық студенттермен суретке түскен. Оның жанындағы жас жігітті БАҚ Тауман деп таныстырған. Тауман Назарбаевтың жеке өмірі туралы бұған дейін де түрлі ақпарат тараған. 2023 жылдың көктемінде оның сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызы Анадэль Майдановамен сөз байласқаны туралы ақпарат шыққан. Кейін министрлік мұны ресми түрде жоққа шығарып, Тауман мен Анадэльдің сыныптас екенін мәлімдеді.
2022 жылы «Азаттық» Нұрсұлтан Назарбаев отбасының мүлкі туралы зерттеу жариялаған. Журналистердің мәліметінше, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев бірқатар мүлкін ұлдарының атына аудара бастаған. Зерттеуде елордадағы сарайлардың бірі жер телімдерімен бірге сол кезде 17 жаста болған Тауманға берілгені айтылған.
Назарбаев көпшілік алдына сирек шығады
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақытта көпшілік алдына сирек шығып жүр. 23 тамызда ол Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты, алайда сайлау учаскесіне бармады. Экс-президенттің ресми сайты мұны Назарбаевтың сайлауға дейін омыртқасына операция жасатуымен түсіндірген. Ол үйінде дауыс берген.
Бұған дейін, 15 наурызда Назарбаев жаңа Конституция бойынша референдумға қатысу үшін Астанадағы №228 сайлау учаскесіне өзі барған. Алайда журналистермен сөйлеспеген. Ал Әсел Исабаева биыл бірнеше рет көпшілік алдына шықты. Көктемде ол Астанадағы сән көрсетілімдерінің бірінде байқалған. Ол өнер саласында жұмыс істейді және «Астана Балет» театрымен байланысты.
Қалыңдық кім?
Тауман Назарбаевтың қалыңдығы – Айдана Сәрсембаева. БАҚ дерегіне сүйенсек, ол 2004 жылғы 24 желтоқсанда туған. Айдананың әкесі – бұрынғы мемлекеттік қызметкер Әділбек Сәрсембаев. Әділбек Сәрсембаевтың мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы ұзақ. Ол 1978 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылы Қаржы министрлігінің салық органдарында бастаған деген дерек бар. Кейін Астана қаласы әкімдігі аппаратында түрлі қызметтерді атқарып, 2007-2009 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде басшылық лауазымдарда болған. 2015 жылдары елордадағы табиғи ресурстар басқармасын басқарса, 2016-2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданының әкімі болып қызмет етті. 2020-2021 жылдары Сәрсембаев қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарды. Бұл еліміздің әскери-өнеркәсіп кешеніндегі ірі мемлекеттік холдинг, оған қару-жарақ шығарушы кәсіпорындар мен делдал ұйымдар кіреді. 2021 жылдың наурыз айында ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Алайда бұл қызметте ұзақ отырмады, 2022 жылдың тамызында үкіметтің қаулысымен вице-министр лауазымынан босатылды. Ресми мәлімдемеде оның қызметінен босатылу себептері ашып айтылмады.
Әділбек Сәрсембаевтың атына қатысты ірі жанжал да осы болды. Былтырғы тергеу нұсқасы бойынша ол вице-министр лауазымында бола тұра, әскери тапсырысты орындаушыны таңдау кезінде заңсыз әрекетке барған. Яғни, тиісті рұқсаты жоқ фирмаға болысқан. Соның арқасында KAZYTEC серіктестігі «ҚазСпецЭкспорт» арқылы мемлекеттік қаражатқа қол жеткізген.
Сот Сәрсембаевты бұл жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танымағанымен, оның вице-министр кезінде қол қойған хаты қаражаттың ұрлануына жағдай жасағаны жеке қаулыда көрсетілген. 2026 жылдың қаңтарында Бас прокуратура Сәрсембаевқа қатысты тергеуді ҚМА жүргізіп жатқанын растады. Істің кейінгі нәтижесі туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Сәрсембаевтың отбасылық тарихы да назар аударарлық. Әділбектің әкесі Зейнулла Сәрсембаев та бір кездері жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарған. Нақтырақ айтқанда, ол 2000-жылдардың басында ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болған. Алайда 2009 жылы Зейнулла Сәрсембаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен ұсталған. Тергеу оның 522,6 млн теңге көлемінде мемлекет қаражатын талан-таражға салғанын анықтап, сот 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.