Оқиғалар

Астанада ноутбугын жөндеткен тұрғынға 480 мың теңге қайтарылды

Астанада кепілдік бойынша жөндеуге берілген ноутбугының ақауы жойылмаған тұрғын ақшасын толық қайтарып алды.

Фото: pixabay.com

 Дауды шешуге Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті көмектесті.

Ведомствоның мәліметінше, елорда тұрғыны 480 мың теңгеге ноутбук сатып алған. Алайда біраз уақыттан кейін құрылғының жұмысы бұзылып, өздігінен қайта жүктеле бастаған. Сатып алушы техниканы кепілдік бойынша жөндету үшін сервистік орталыққа тапсырған.

Екі аптадан соң ноутбукты алуға келген тұрғын ақаудың жойылмағанын, керісінше, құрылғы корпусының бір бұрышы майысып қалғанын байқаған.

Белгілі болғандай, сервистік орталық ноутбукты қабылдау кезінде оның сыртқы жағдайын толық сипаттайтын құжат бермеген.

Тұтынушы сатушыға жазбаша шағым түсіргенімен, жауап ала алмаған. Осыдан кейін ол Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

Мамандардың араласуымен мәселе сотқа жеткізілмей шешіліп, сатып алушыға ноутбуктың толық құны – 480 мың теңге қайтарылды.

Департамент өкілдері азаматтарға техниканы жөндеуге тапсырғанда қабылдау-тапсыру актісін мұқият рәсімдеуге кеңес береді. Құжатта құрылғының сыртқы жағдайы мен бар ақаулары нақты көрсетілуі керек. Бұл кейін қосымша зақым анықталған жағдайда тұтынушының өз құқығын қорғауына мүмкіндік береді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Астана