Әлеумет

Астанада Ресейдің сұрауы бойынша Украина азаматшасы ұсталды

Украина азаматшасы Любовь Рожанская 1 қазан күні Ыстанбұлдан ұшып келгеннен кейін Астана әуежайында ұсталды.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы DW басылымына оның адвокаттары Алексей Прянишников пен Риза Нұрбаева хабарлаған.

Олардың айтуынша, Рожанскаяны ұстауға Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы желісі бойынша жолдаған сұрауы негіз болған. Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Жақын күндері сот оның қамауда қалу-қалмау мәселесін қарайды.

Ресейде әйелге қатысты бұған дейін бала ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Адвокаттарының сөзінше, Рожанская өзіне қатысты қылмыстық қудалау бар екенін білмеген және бұрын Ресейге бармаған. Бұл – қорғау тарабының нұсқасы.

Адвокат Алексей Прянишниковтың айтуынша, Рожанская Астанаға немересін алып, оны Украинадағы әкесіне тапсыру үшін келген. Баланың оқиғасы Ресей мен Украинада тұратын туыстар арасындағы ұзаққа созылған отбасылық дауға байланысты.

DW дерегінше, 2025 жылы наурызда Украинаның Жоғарғы соты баланың тұрғылықты жері ретінде Одессаны, яғни әкесінің мекенжайын белгілеген. Ал Ресейде осы іс бойынша Рожанскаяны қамауға алу туралы қаулы шығарылған.

Адвокаттар Ресей тарапы оны өзіне беруді талап етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен ұсталған азаматшаның алдағы тағдырына қатысты түпкілікті шешімді Қазақстанның құзырлы органдары мен соты қабылдауы тиіс.

Рожанскаяның қорғаушылары Ресейдегі қудалауды даулы деп санайды және бұл істе саяси астар болуы мүмкін екенін айтады.

Сайт Әкімшілігі