Өңір

Астанада тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жатыр

Елордада құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар, жолдар, инженерлік желілер мен қоғамдық кеңістіктердің құрылысы қатар жүргізіліп, шаһардың инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.

Фото: Ақорда

Құрылыс қарқыны соңғы жылдары Астана дамуының басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Былтыр елордада 4,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – Қазақстан бойынша салынған тұрғын үйлердің шамамен төрттен бірі.

Мамандардың айтуынша, заманауи мегаполис тек тұрғын үй кешендерімен ғана шектелмейді. Сондықтан жаңа ықшамаудандармен бірге мектептер, балабақшалар, емханалар, инженерлік желілер, автомобиль жолдары, көлік жолайрықтары және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті қоғамдық кеңістіктер де бой көтеріп жатыр.

Сонымен қатар қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерді жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері мен коммуналдық инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Бұл мегаполистің одан әрі тұрақты дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі саналады.

Биыл да құрылыс қарқыны жоғары деңгейде сақталған. Жыл басынан бері елордада 1,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 359 миллиард теңгеге жетті, бұл республикадағы жалпы құрылыс көлемінің шамамен 15 пайызына тең.

Сайт Әкімшілігі