Қоғам

Астанада ұстаздарға арналған мерекелік кеш өтті

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні әлем бойынша нәзік жандыларға құрмет көрсетілетін, олардың қоғамдағы рөлі мен еңбегі бағаланатын маңызды мереке.

Фото: Астана әкімдігі

 Бұл күн – аналарға, ұстаздарға, дәрігерлерге және түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдерге алғыс айтуға арналған ерекше мүмкіндік.

Әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген белсенді тұлға. Сондықтан бұл мереке олардың еңбегін бағалап, құрмет көрсету дәстүрімен тығыз байланысты.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астанада білім саласында еңбек етіп жүрген әйелдерге арналған арнайы мерекелік кеш ұйымдастырылды. Іс-шара қалалық білім басқармасының бастамасымен оқушылар шығармашылық сарайында өтті.

Кештің басты мақсаты – ұстаздардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, олардың еңбегіне құрмет білдіру және мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.

Жиынды білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ашып, педагогтардың еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол ұстаздардың күнделікті тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігі ерекше құрметке лайық екенін атап өтті.

Шара барысында бірқатар ұстаздар марапатталып, «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды. Көп жылдық еңбегі үшін марапат алған ардагер ұстаз Майра Курманбаева бұл – педагог еңбегіне берілген жоғары баға екенін айтып, әріптестерін мерекемен құттықтады.

Мерекелік кеште қазақстандық өнерпаздар ән шырқап, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал іс-шара соңында білім беру ұйымдарының өкілдері аналарға арналған әнді бірге орындап, кештің әсерін арттыра түсті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: 8 наурыз