Астанада телефонмен сөйлесіп келе жатып жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісі 2 жылға сотталды
Астанада жаяу жүргіншілер өткелінде әйелді қағып, оның өліміне себеп болған автобус жүргізушісіне сот үкімі шықты.
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Сот шешімімен жүргізуші екі жыл бір айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы көлік құралын басқаруға тыйым салынды.
Прокуратураның мәліметінше, жүргізуші ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатып, бағдаршаммен реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 57 жастағы әйелді қағып кеткен. Ауыр жарақат алған әйел ауруханада көз жұмды.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеген.
Үкім заңды күшіне енді.