Қоғам

Астанада жол белгісіне мініп видео түсірген бойжеткенге айыппұл салынды

Астана қаласының полициясы әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жол белгісіне мініп, оның айналасында айналып видео түсірген 23 жастағы қала тұрғынын анықтады.

Фото: видео-скрин

Полицияның мәліметінше, бойжеткеннің әрекеті салдарынан жол белгісі бүлініп, ол қалалық инфрақұрылым нысандарына және қоғамдық тәртіпке құрметсіздік танытқан.

Тексеру нәтижесінде қыздың жеке басы анықталып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция азаматтарға әлеуметтік желідегі танымалдыққа ұмтылу заң талаптарын бұзуға негіз болмайтынын ескертіп, лайк пен қаралым үшін жасалған заңсыз әрекеттер жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі