Астанадағы LRT пойызының бір құрамы 650 жолаушыға дейін тасымалдай алады
Астанадағы LRT (жеңіл рельсті көлік) пойыздарының бір құрамы қанша жолаушыны сыйдыратыны туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы мәлімдеді.
Компания дерегінше, LRT паркінде жалпы 19 құрам бар. Әр құрам 4 вагоннан тұрады және бір мезетте 650 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Оның ішінде 15 құрам күнделікті желіге шығады, ал қалған төртеуі резерв ретінде қарастырылған.
— Құрамдар арасындағы қозғалыс интервалы 5–10 минут шамасында болады. Станциялар арасындағы жүру уақыты шамамен 1,5–3 минутты құрайды, — делінген ресми жауапта.
Бұған дейін LRT жолаушылары 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүре алатыны хабарланған.
Сондай-ақ Астанадан Қосшы қаласына дейінгі LRT желісінің құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланып отыр.