Әлеумет

Астанадағы тұрғын үй кешеніндегі өрт: құтқарушылар «20 минут кешікті» деген ақпаратты жоққа шығарды

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті әлеуметтік желілерде тараған «өрт сөндірушілер оқиға орнына 20 минут бойы жете алмады» деген ақпаратқа түсініктеме берді.

Фото: скриншот

«Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өртке қатысты 16 сәуір күні өткен брифингте Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Түкушев бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, ТЖД бөлімшелері оқиға орнына келген бойда бірден балаларды құтқару мен өртті сөндіру жұмыстарына кіріскен.

Құтқару қалай жүргізілді

Ведомство өкілінің сөзінше, өрт шыққан пәтерге жету үшін баспалдақ алаңы пайдаланылған. Сол арқылы екі бөлімше жоғары көтеріліп, есікті бұзып ашып, құтқару операциясын бастаған.

ТЖД мәліметінше, құтқарушылар алдымен бір әйелді аман алып шыққан. Одан кейін ғана өртті сөндіруге кіріскен.

Ведомство «20 минуттық кешігу» туралы ресми ақпарат жоқ екенін және бұл нұсқаның шындыққа жанаспайтынын ерекше атап өтті.

Еске сала кетейік, 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шыққан.

Оқиға орнынан үш баланың мәйіті табылды. Күйік шалған әйел құтқарылып, ауруханаға жеткізілді.

Өрт кезінде:

  • жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды

  • тағы шамамен 40 тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан

Көлікке қатысты дау

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде өрт сөндіру көліктерінің жолын бір автокөлік жауып, құтқарушылардың уақытылы жетуіне кедергі келтіргені туралы ақпарат тараған.

Алайда полиция департаменті бұл көлік бірден оқиға орнынан алынып тасталғанын хабарлады.

Көлік жүргізушісі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Астана өрт