Оқиғалар

Астаналық жігіт LRT маңынан патрон тауып алып, басы дауға қалды

Бір патрон үшін сотталған астаналық жігіт ақталды Астанада шығармашылық саламен айналысатын 22 жастағы жігіттің үстінен қозғалған қылмыстық іс кассациялық сатыда тоқтатылды.

Фото: pixabay.com

Іс материалдарына сәйкес, ол салынып жатқан жеңіл рельсті көлік (LRT) нысанының маңынан бір патрон тауып алып, оны түсірілімге арналған реквизит ретінде пайдаланбақ болған. Алайда патронды сөмкесіне салып қойғаннан кейін бұл туралы ұмытып кеткен. Бір жылдан соң жас жігіт Алматыға ұшпақ болып, әуежайдағы тексеруден өткен кезде патрон оның сөмкесінен табылған.

Бұған дейін сот оны оқ-дәріні заңсыз иемденгені, сақтағаны және тасымалдағаны үшін кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Алайда істі қайта қараған кассациялық сот жігіттің патронды қылмыстық мақсатта пайдаланбақ болғаны дәлелденбегенін атап өтті.

Тергеу барысында оның оқ-дәріні басқа адамдарға бермек болғаны немесе сатпақ болғаны да анықталмаған. Сонымен қатар одан қару табылмаған және ешқандай зиянды салдар орын алмаған.

Сот Қылмыстық кодекстің 10-бабына сүйене отырып, әрекеттің қоғамға елеулі қауіп төндірмейтінін және формалды түрде ғана құқық бұзушылық белгілері бар екенін ескерді. Нәтижесінде іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Бас прокуратура да кассациялық соттың бұл ұстанымын қолдады.

Сайт Әкімшілігі