Сараптама

Астананың автотұрағы аларында – озбыр, берерінде – сараң

Күн өткен сайын көлік тұрағының бағасы аспандап, мәселесі күрделеніп барады.

Фото: Алматы әкімдігі

Әсіресе Алматы, Астана секілді ірі қалаларда бұл жағдай күрмеуі қиын түйткілге айналғалы қашан? Бұған қатысты ел арасында әртүрлі пікірлер де айтылып жүр. Мысалы, біреулер "Елордадағы ақылы автотұрақ халыққа қызмет көрсететін инфрақұрылым емес, белгілі бір топтардың қалтасын қампайтатын тиімді қаржылық схема" дейді. Бұл пікірдің де жаны бар көрінеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік деген желеумен құрылған "Астананың тұрақ кеңістігі" ЖШС жылдар бойы жиналған қаражаттың 95 пайызға жуығын өз есепшотына аударып келіпті. Бұл компанияның құрылтайшылар тізімінде бұрынғы әкім Әділбек Жақсыбеков пен оның төңірегіндегі азаматтардың болуы көпшілікті ойландырып тастады.

Компания қалай құрылып, кімнен кімге өткені туралы деректер де көп. Олар халық пен мемлекетке тиесілі дайын жолдарды, мекемелер мен тұрғын үйлердің алдын сызықпен сызып тастап, дайын инфрақұрылымның үстінен тосқауылсыз пайда тапқан. Инвестор ретінде "жобаға 2,5 млрд теңге жеке қаржы құйдық" деген уәж алға тартылғанымен, бұл қаражат не жолды жөндеуге, не аумақты абаттандыруға, не көлік иелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалмады. Керісінше, компания өз сайтында "көліктің сақталуына жауап бермейтінін" ашық жазып, ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын айтқан. Ал МЖӘ келісімшартында айтылған қаржылық ағын да әділетсіз. Бастапқыда тұрақ ақысынан түскен табыстың 95 пайызы тікелей осы жеке компанияның қалтасына құйылса, мемлекетке бар болғаны 5 пайызы ғана қалдырылды.

Ең сорақысы, ақшаны кетер кезінде біржола төлеген азаматтарға да жүйе айыппұл арқалатып, "кеш төленді" деп есептелген қаражатты жүргізушіге де, мемлекетке де қайтармай, жеке компания өз қалтасына басқан. Мұнымен қоса, мемлекетке тиісті үлесті де толық бермей, салықтан жалтару тәсілдерін де меңгерген көрінеді. Мұның айқын дәлелі ретінде 2023 жылы аяқталған сот процесін келтіруге болады. Мемлекеттік аудит жүргізген тексеру нәтижесінде серіктестіктің ақылы автотұрақтардан түскен нақты табысты азайтып көрсеткені және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшартымен қала бюджетіне тиісті кіріс үлесін аудармай келгені әшкереленді. Сот шешімімен компанияға бюджетке жасырылған 31,8 млн теңгені мәжбүрлі түрде төлеу жүктелді. Бұдан бөлек, 2024 жылы өткен кезекті сот талқылауы компанияның салықтық заңнаманы белден басқанын айдай әлемге паш етті. Сот мәліметіне сәйкес, серіктестік 2020-2022 жылдары бейрезидент табысынан төленетін корпоративтік салық көлемін 18,5 млн теңгеге қолдан азайтып көрсеткен.

Халықтың қалтасына қол салғандардың бұл әрекеті кейінгі бір-екі жылда ғана биліктің құлағына жеткендей. Оның өзінде ақылы автотұрақтарға халықтың наразылығы арта түскеннен соң. Сөйтіп бұрынғы Мәжіліс мінберінде депутаттар Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтарды толықтай алып тастау бастамасын алға тартты.

Бұл сұрақ парламент қабырғасында "Астана қаласының мәртебесі туралы" заң жобасын талқылау кезінде қайтадан қыза түсті. Сол тұста комитет отырысында экс-депутат Нартай Сәрсенғалиев жүйенің нағыз экономикалық абсурд екенін, оның халық пен мемлекеттік бюджетке келтіріп отырған зиянын нақты аргументтермен дәлелдеп береді. Экс-депутаттың айтуынша, 2024 жылы елордадағы 7 216 ақылы автотұрақ санын 10 мыңға дейін жеткізіп, сағатына 100 теңгеден ақы белгілеу жоспарланған. Тіпті халықтың наразылығынан соң табысты бөлу тәртібі қайта қаралып, жеке компанияның үлесі 95 пайыздан 75 пайызға төмендетіліп, мемлекетке 25 пайыз берілгеннің өзінде мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Себебі автотұраққа арналған бордюрлерді орнату, жол төсеу, сызықтар сызу, жарықтандыру, көгалдандыру және жөндеу сияқты негізгі инфрақұрылымдық шығындардың барлығы қалалық бюджет есебінен атқарылып келген. Н.Сәрсенғалиев ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, 2021-2024 жылдар аралығында астаналықтар тұрақ үшін жалпы 725,9 млн теңге төлесе, соның 617,3 млн теңгесі жекеменшік компанияның қалтасына кетіп, қала бюджетіне небәрі 108,6 млн теңге ғана түскен. Бұл жағдайды халық есебінен жеке құрылымды байыту деп бағалаған экс-депутат ақылы автотұрақтарды толықтай мемлекет меншігіне қайтаруды талап еткен. Соның нәтижесінде заңнамаға тиісті механизмдер енгізіліп, ақылы автотұрақтар толықтай мемлекет қарамағына өткен-ді. Сондай-ақ шамадан тыс айыппұлдар мәселесі мен төлемді қолайлы ету тетігі де шешілетіні айтылған.

Сонымен ақылы тұрақтар мемлекет меншігіне өткелі бір айға жуықтап қалды. Қазір елордада 533 ақылы тұрақ аймағы бар. Алдағы уақытта қала әкімдігі бұл аймақтардың санын 1 000-нан асыруды жоспарлап отыр. Қала әкімдігінің ақпаратына сенсек, енді тұрақтан түскен барлық қаражат тікелей қалалық бюджетке бағытталып, орталықтың банктік шотына аударылады. Бұл қаражат бекітілген жоспарға сәйкес, тұрақ жүйесін ұстауға, дамытуға және көлік инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалмақ. Сондай-ақ әкімдік дәл қазір тарифтерді көтеру күн тақырыбында жоқтығын айтады. Әзірше орталық тұрақтарға түгендеу жүргізіп, көлік жүктемесі мен сұранысты талдап жатқан көрінеді. Алдағы уақытта қайта ұйымдастыру аяқталып, заңды рәсімдер мен нормативтік актілерге тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін.  

Сонымен, автотұрақ мемлекет қарамағына өтті, төлем жүйесі реттелді, енді беталды айыппұл да салынбайды (оның мөлшері тіпті төмен). Сырткөзге бәрі орнына түскендей көрінеді, алайда бұл өзгерістен қарапайым жүргізушілердің жағдайы жеңілдеді деуге әлі ерте. Мемлекеттік компания басқаруды қолға алғанымен, халық күткен тегін тұрақтар немесе минуттық тарификация жүйесі енгізілген жоқ. Бұдан бөлек, сессияны ерте аяқтаған жағдайда пайдаланылмаған уақыт үшін ақша автоматты түрде қайтарылмайды, бұл да жүйенің бір шикілігі. Тегін тұру уақыты бар болғаны 5 минутпен шектелген, бұл тауар жеткізуші курьерлерге немесе құжат алуға кіріп-шығатын азаматтарға жеткіліксіз мерзім. Бұл аздай, әкімдік өкілдері қаланың өсуіне байланысты ақылы аумақтардың санын көбейтіп, орталықтағы сағатына 100 теңгелік тарифті 150-200 теңгеге дейін қымбаттату мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Сонда халық не үшін жол белгілері жаңартылмайтын, асфальты жөнделмейтін, абаттандырылмайтын, тіпті көліктің амандығына да жауап бермейтін инфрақұрылымға ақша төлеуі тиіс? Әсіресе бизнес-орталықтарда жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері мен қатардағы мамандар үшін бұл жүйе нағыз қаржылық салмаққа айналды. Күніне 8-10 сағаттап жұмыс істейтін азаматтар тегін орын таппай, жарты сағаттап қала айналуға мәжбүр, ақырында, көлік қоятын орын таппаған соң, күніне 800-1 000 теңгесін амалсыз ақылы тұраққа береді. Мұнымен қоса, ақылы аумақтардың шекарасы кеңіп, сауда үйлерінің алдына, ойын-сауық орталықтарына, тұрғын үй кешендерінің ашық аулаларына дейін жетті. Енді тұрғындар өз үйіне немесе туысына бару үшін де ақы төлеуге тиіс болып отыр.

Әдетте билік Алматы, Астана секілді ірі қалалардағы кептелісті шешудің, қозғалысты реттеудің бір жолы – ақылы автотұрақ деп есептейді. Мұндай әдіске  "әлемдік тәжірибеге сүйеніп" көшкенін айтады. Ал негізінде бұл – жол азабынан құтқаратын шара емес, қарапайым халықтың қалтасына түсетін салмаққа айналып отыр. Бұрын  жекеменшік компанияның жем жейтін "астауына" айналса, қазір мемлекеттің қарамағына өткенімен, қызмет сапасы да, тарифтік талаптар да аса өзгерген жоқ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Астана 

Сайт Әкімшілігі