Қоғам

Ата заңда бір нәрсе жоқ...

Кеше 30 жылдығы аталып өтілген Қазақ елінің мемлекеттік рәміздер күні ойға біраз нәрселерді салып кетті.

Jasalash.kz

1992 жылы наурыз айында мемлекеттік рәміздер туралы заң жобасы сол кездегі жоғары заң шығарушы билік – Жоғарғы Кеңеске түсіп, комитеттерде талқылау басталған. Алғашында депутаттар арасында «государственная символиканы» қазақша «мемлекеттік нышан» дейміз бе әлде «мемлекеттік рәміз» дейміз бе, деген талас та болған. Ақырында, «мемлекеттік рәміз» тіркесіне тоқталған-ды. Сол тұста Жоғарғы Кеңестің органы – «Халық Кеңесі» газетінде мемлекеттік символикаға қатысты мақаламда «Герб» сөзіне – «Елтаңба», «Гимн» сөзіне – «Әнұран» деген баламалар ұсынғаным еске түседі. Ұшырасып қалғанда, кейбір депутаттар газеттегі сол ұсыныстарға қолдау білдіріп жүрді. Кейін қарасам, заң жобасының қазақша мәтінінде сол баламалар орнығыпты. Содан бері «мемлекеттік рәміз» десе, оған менің де ептеп қатысым бар ғой, деп марқайып қаламын. Қазір бұл сөздер тілімізге әбден сіңді.

1993 жылғы Қазақстан Конституциясының 31-бабында «Республика азаматы мемлекеттік рәміздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды құрметтеуге міндетті», деп көрсетілген. Қазіргі Ата заңда ондай міндеттеу жоқ. Рәміздер күнінде рәміздерімізді мақтан етіп жатамыз. Осындайда тек рәміздік терминдер емес, еліміз үшін маңызды басқа да атауларға тікелей қатысым бар екенін мен де мақтана еске ала кеткім келеді (Жас ұлғайғандықтың белгісі шығар).

«Халық кеңесі» газетінің 1991 жылғы 24-қыркүйектегі санында Алматыдағы Президент резиденциясын «Ақорда» деп атау керектігі туралы алғаш ұсыныс айтыппын. Кейін Ақмоладағы Президент резиденциясы іске қосылғанда, ол «Ақорда» аталды. 1998 жылы 6-мамырда Ақмола қаласының аты «Астана» болып өзгергенде, жай «астана» сөзіне балама ретінде «Елорда» атауы аузыма түсті. Қызметтік мүмкіндіктерді пайдаланып, «Қазақстан-1» телеарнасының «Ақшам» ақпарат бағдарламасы арқылы «елорда» атауын тұрақты айналысқа енгіздік. Бұдан өзге, біз аударған «экономическая фишка» – «экономикалық дәнек», «сувенир» – «кәдесый», «сюрприз» – «тосынсый», «приспособленеие» – «айлабұйым», т.б. ондаған баламалар тума тіліміздің қазынасына қосылды.

Осы арада қазақ тіліне сіңісті болған кейбір сөздердің баламасын кімдердің ойлап тапқанын айта кетейін. Мысалы, «елбасы» сөзін қолданысқа енгізген біздің ұстазымыз Сарбас Ақтаев, «рыночная экономика» тіркесін «нарықтық экономика», «нарықты» – «рынок» сөзіне балама ретінде енгізген Самат Ибраим, «паспорт» сөзін «төлқұжат» («тәнқұжат») деп қазақшалаған марқұм Басқар Битанов сияқты ақмылтық журналистер болатын.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, соңында, Әнұран мәтініндегі Нұрсұлтан Назарбаев қосқан бір-екі ауыз өзгерісті де, оның аты-жөнін де ресми алып тастау қажет деп есептеймін. Әнұран авторлары: «Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжмеденов» деп көрсетілгені тарихи әділдік болады!

Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлының (Тоқашбаев) Фейсбуктегі жазбасынан

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега