Ата заңнан «шимай дәптерге» дейін
(«Жас Алаш» беттерінен репортаж)Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамызда халықтық референдум аясында қабылданғанды.
28 жылдық тарихында 98 баптан (алғашында 95 бап болған) тұратын Ата заң 6 рет өзгертіліп, толықтырулар енгізілді.
Саяси сарапшылардың пікірі бойынша, тұңғыш Конституция (1993 жылы қабылданған) «демократиялық принциптерге» жақын болған. Бұл құжаттың жаңа жобамен алмастырылуы туралы 2019 жылы «Жас Алаш» газетінде журналист Мейрам Байғазиннің мақаласы жарық көрді. Ол бір кездері Конституциялық соттың баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Мақалада 1993 жылғы Конституция «… тәуелсіз мемлекеттің басты қағидаларына толықтай сай еді», – дей келіп: «Президент пен оның әкімшілігі елдегі дағдарысты «өте шебер» пайдаланып, өздеріне ыңғайлы Конституцияның жаңа жобасын ұсынды» – дейді.
Жә, саясаттанушылар мен сарапшылар қанша мақтаса да, тұңғыш Конституция келмеске кетті. Сондықтан қолымызда бар Ата заңның өзгерістеріне назар аударып, ол қоғамда қандай резонанс тудырғанын санамалап шығалық. Қолымызда «Жас Алаш» газетінің әр жылдардағы тігінділері бар.
Бірінші өзгеріс
1995 жылы Н.Назарбаев Жоғарғы кеңесті таратып, билікті өз қолына ала бастады. Осы елімізде бұрын-соңды болмаған Қазақстан халықтары ассамблеясы құрылды. Сарапшылар бұл ұйымды «президенттік өкілеттік мерзімін Конституция арқылы «заңдастыратын» ұйым деп таниды.
Ассамблеяның екінші сессиясында Назарбаев жаңа Конституцияның жобасын ұсынып, бұл жобада «президенттік билікті авторитарлық билікке айналдыруға жол бермейтін тежеулер мен қарсы салмақтар жүйесі» бар екенін баса айтты. Құжат 4 шілде күні жарияланып, ол 1 тамыз күні өзгертіліп, қайта жарияланды. Бастысы «Қазақ Республикасы» атауының «Қазақстан Республикасы» деп өзгертілуі еді. Жаңа заң аясында ел президенттігіне 35 жасқа толып, 65 жастан аспаған адам ғана үміткер бола алатын. Сонымен қатар «бір адам қатарынан екі реттен артық Қазақстан Республикасының президенті болып сайлана алмайды. Қазақстан Республикасының президенті өз өкілетін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардағы қызметін тоқтатады» деген тармақтар болған. Мұның бәрі дерлік кейіннен өзгертілді.
Анығында «президенттік билікті авторитарлық билікке айналдыруға жол бермейтін» бұл жоба осы бағытқа жол ашып берген нағыз өзі болды. Арада 3 жыл өткенде Ата заңға тағы 19 өзгеріс енгізілді. Бұл анық Назарбаев билігін ұзарту үшін жасалған. Өйткені ондағы өзгерістерде президенттік жастың жоғары шегі алынып тасталды. Сонымен қатар «Егер сайлаушылардың 50 пайызынан астамы дауыс беруге қатысқан болса, сайлау өткiзiлдi деп есептеледi» деген сөздер алынып тасталды. Яғни енді сайлауға байкот жариялаудың мәні жоқ.
Араға бес жыл салып, 2003 жылы президент Назарбаев Конституция күніне орай сөйлеген сөзінде: «Қазақстан қазір экономикалық дамуы жағынан ТМД елдерінің бәрін басып озды деуге болады. Кез келген даулы мәселені Конституцияның негізінде ушықтырмай шешіп отырмыз. Конституцияның тұрақтылығы – Қазақстанның тұрақтылығы. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге әлі уақыт жеткен жоқ», – деді. Бірақ арада 4 жыл өткенде тағы да Конституциялық реформа жасалатын болды. Бұл негізде көптеген болжамдар жасалып, «Жас Алаш» газетінің бетінде көптеген материал жарияланды. Жалпысында бұл өзгеріс халық арасында, баспасөз бетінде ең көп талқыланған өзгеріс болса керек.
Екінші өзгеріс
«Жас Алаш» газетінің 2007 жылғы 5 мамырдағы санында «Жаз бен күзде бізді НӘН науқан күтіп тұр» атты материал жарық көрді. Онда алдағы реформа не жөнінде болары талқыланды. Автор Мұхтар Жанұзақұлы реформа турасында екі түрлі болжам ұсынған. «2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшін саяси реформаларды шұғыл қолға алуға уәде берген Қазақстан сол реформаны осы жазда апыл-ғұпыл бастап та жібермек. Бірақ жұрттың аузынан түспей жүрген сол реформаны долбары қандай?» – дей келіп автор Ресей баспасөзіне сілтеме жасайды. «Осы реформалар дүрмегінде президент Назарбаев өзінің өкілеттік мерзімін әрі қарай ұзартып алуы мүмкін». Бұл бірінші болжам болатын. Сонымен қатар «Конституцияның 42-бабының: «Бір адам қатарынан екі реттен артық Қазақстан Республикасының президенті болып сайлана алмайды», – деген 4-бабы түсіп қалады. Депутаттар әдеттегідей «дамыған елу елдің, отыз елдің қатарына Нұрекеңмен жетейік, ештеңеге алаңдамасын» дегендей «сылтау» айтады. Біздің елде қалыптасқан саяси дәстүрге сүйенсек, бұлай болуы әбден мүмкін», – деген автор 1998 жылғы бір апта ішінде жүзеге асқан реформаны еске алады. Осы тұста мақала авторының, белгілі бір есепте халықтың да Назарбаевқа «сенімі» сейіле қоймағанын аңғарамыз. Өйткені олардың ешбірі сол кездегі президенттің «Бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды» деген Конституциялық тармаққа «Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген сөйлем қосатынын елестете алмаған сияқты. Бірақ автордың «Өмір бойғы президент» деген аттың қандай жаман екенін Сапармұрат Ниязовтың өзі-ақ дәлелдеп берген», – деген сөзі орынды болды. Н. Назарбаев өмірбойы президент қалпында қалмады.
Реформаға жасалған екінші болжам бойынша президент өзіне «тақ мұрагерін» тағайындауы ықтимал. Оның есімі белгісіз. Дегенмен автор бұл болжамды «Назарбаевтың мінез-құлқына келіңкіремейді» деп бірден жоққа шығарады. Тағы да сол президентке аздаған сенімнен болса керек. Дегенмен газеттің осы санынан саясаттанушы Досым Сәтбаевтың мынадай пікірін көзіміз шалды. «Меніңше, Конституциялық реформа «мұрагер» жобасын жүзеге асыруды есепке ала отырып жүргізіледі. Себебі бұл президенттің соңғы мерзімі. Шартты түрде болса да. Конституцияға өзгеріс күнде енгізілмейді. Демек, «мұрагер» жобасы, сөз жоқ, есепке алынады деп ойлаймын».
Жалпы, «мұрагер» жобасының болған, болмағаны бізге әлі белгісіз. Бірақ осы кездегі сарапшылардың пікірінен президенттің 2019 жылға дейін биліктен кетпейтініне, кеткеннен кейін тіпті күшейіп барып басыларына, 2023 жылға дейін арамызда өмір сүре беретініне көзі жетпегені байқалады. Әрине, кімнің көзі жете қойсын...
Сол кездегі «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев тіпті «Президент мұрагер туралы ойлағанның өзінде, оған кінә артуға болмайды» дейді. Сонымен қатар осы жылы президенттің «Мен осыдан кейін қалмаймын» деген сөзін де Ғани мырза тілге тиек етеді. Ал мұрагер бола қалған жағдайда, «оның президентке ғана емес, халыққа да жайлы болуы керектігін» айтыпты.
Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының жетекшісі Еркін Тұқымов президенттің жасырын қадамдарын анық байқаған екен. «мемлекет басшысының осыған дейінгі іс-әрекетіне қарасақ, ол барлық нәрсені соңғы нүктеге дейін жасырын ұстап келеді», – дейді. Сонымен қатар спикер Қазақстандағы биліктің ауысуын «өте шетін» мәселе деп, дөп басады.
Реформа ашық талқылана бастағанда Конституцияға енгізілетін өзгерістердің көбі президенттік өкілеттіктің біраз бөлігінің парламентке берілетіні алға тартылған болатын. «Президенттік басқарудан президенттің-парламенттік басқаруға өту». Бұл ұран Конституцияға соңғы өзгеріс енгізілер кезде де көтерілді. Сәл өзгертілген қалыпта. Бірақ 2007 жылы шынында біз президенттік-парламенттік басқаруға көштік пе?
Осы жылдың 22 мамырында «Жас Алаш» шәйханасына С.Әбділдин, Н.Ерімбетов, Б.Әбдіғали, Г.Елеуова сынды саясаттанушы-әлеуметтанушылар келген екен. Сөзді бірінші алған Серікболсын Әбділдин: «Жаңа өзгерістерге қарасақ «парламентке анадай, мынадай өкілеттік бердік» деп жатыр. Бұл өкілеттіктер парламенттің қолында бұрын да белгілі бір дәрежеде болған. Конституцияға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын президент ұсынғаны өз алдына, олар президентті өмір бақи таққа отырғызбақ. Президентті жақсы білемін. Ол өзіне керекті заң жобасын өткізіп алған соң бұл парламентті таратып жіберуі де ықтимал».
Әбділдиннің осы тұстағы болжамы дәл келді. Осы газет шыққаннан кейін араға бір ай салып, президент парламент мәжілісін мерзімінен бұрын таратты. Сонымен қатар Серікболсын мырза сөзін қорытындылай келіп, «президент пен парламенттің жұрт алдында ауыз жаласып отырғанын, бұл саяси да, әлеуметтік те мәселе емес, адамгершілік мәселесі» екенін алға тартады.
Осы отырыста Берік Әбдіғали: «Билікті жақтағаным емес, меніңше бұл реформалар елімізде тұрақтылықты сақтауға жасалған қадам деп санаймын», – деген пікір білдірді. Ал келесі пікірінде: «Тұрақтылық дегенде мен биліктің тұрақтылық ұраны туралы айтып отырғам жоқ» дейді. Сонымен бірге Берік мырза осы отырыста оптимистік танытып, «парламенттің 15-20 пайызы оппозицияға тиесілі болуы» керек екенін алға тартады.
Ал Нұрлан Ерімбетов өзгерістің президентке мәжілісті «себепсіз тарқата алу мүмкіндігі берілгенінен секем алғанын» айтады. Осы тұста Гүлмира Елеуованың сөзінен сол кездегі халықтың шын көңілі есетіндей: «Қай облыста қандай әлеуметтік сауалнама жүргізсек те біз 2005 жылғы президент сайлауының шынайылығына көз жеткізіп келеміз. Шындығында халықтың көпшілігі елдегі оң өзгерістердің барлығын қазіргі президентпен байланыстырады», – дей келіп, «оны хан дәрежесіне көтеруге әзір екенін» жеткізген. «Президенттің өзі осы қолдауды сезініп, халықтың күткенінен асып кетпеуді ғана ойлап жүрген сияқты» дейді.
Газеттің осы тұсын оқи отырып, «қолдауды» сезінген президенттің «кет» дегенді сезінбегеніне қапаланып қалдық. Жә, әңгіме мүлде басқа.
Жалпы, 2007 жылғы өзгерістер қанша алпауыт болғанымен, дәл «Конституцияға өзгеріс енгізілуіне» ешкімнің қарсы шыға қоймағаны байқалады. Не дегенмен тарихындағы екінші өзгеріс қой. Сонымен қатар газет бетінен халықтың, зиялылардың референдумнан бір жаңалық күтетіні аңғарылады. Ол – қазақ тілінің мәселесі. Бірінші өзгерісте де болмады, 2007 жылғы екінші өзгерісінде де жоқ. Алда 2011 жылғы өзгеріс күтіп тұрған.
Үшінші өзгеріс
Әрине, бұл жылы Ата заңға бір ғана өзгеріс енді. Бірақ қандай өзгеріс және оның болашағы қандай болды? «Жас Алаш» газеті бұл референдум туралы: «Ақорда биыл ел-жұртқа бірақ саяси қойылым қойып бермек. Санаулы күндерден соң «Нұр Отан» партиясы өз құрылтайын өткізіп, «нұрлы болашаққа» қалай бару жолын жерден жеті қоян тапқандай хабарламақ».
Бұл жылғы газеттік нөмірлерінде үміттің азая бастағаны байқалады. Президенттің көп мақталып, қазақтың ұлы ханы Абылайдың 300 жылдығы ескерусіз қалып, орнына Назарбаев феномені көтерілгеніне назарылық та аңғарылады. Бұл дүрмек желтоқсан оқиғасының 25 жылдығына көлеңкесін түсіргеніне наразы жұрт бар. Жасұлан Ақкер «Референдумға келіңіз» мақаласында «Биылғы жылдың ең басты тақырыбы «Тәуелсіздіктің тұғыры – Н.Назарбаев» деген қағидаға тірелетін секілді», – дейді.
Расында осы жыл Қазақстандағы тәуелсіздіктің 20 жылдығы және Назарбаев жылы болғандай көрінеді газет беттерінен. 2010 жылғы қабылданған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» арнайы заң қабылданған еді. 2011 жылы бұл заңнама негізінде Елбасы статусы Конституцияда бекітілген болатын. Одан бөлек, парламент осы жылы Назарбаевтың президенттің өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуды ұсынған. Бірақ оны Конституциялық кеңес кері қайтарды. «Жас Алаш» газеті бұл істі «Көзсіз батырлық» деп бағалапты.
Тіпті газет редакциясы «Жас Алаштың» айтары» деп мәлімдеме жариялаған:
«Қазақ елін һәм қазақ мемлекетін және оның басшысын күллі әлемге масқара етуге итермелеген жандайшаптарға президент секілді алғыс айтпау керек. Керісінше, оларды айыптап, ендігі жерде мұндай әбестікке бармайтындай шара қолданған абзал болар еді.
Ата заңды қолбала заңға айналдырып, Конституцияны бір кісінің қалауына, қас-қабағына қарай құбылта беруге машықтанғандар ел алдында жауап берсін!»
Арада тағы тартысты 6 жыл өтті. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бейбіт халыққа оқ атылды. Жаңаөзен оқиғасы болды. Енді бұрынғы үміттің бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Сарқылды. Бітті.
Төртінші өзгеріс
Сонда да болса 2017 жылы Ата заң қайта ашылып, оған қызыл қаламмен сызықтар түсе бастады. Бұл президенттің билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлуге байланысты үндеуінен басталған болатын. Баяғы «президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқаруға көшу» деген сөздің басқаша мағынасы бұл да. Конституцияға «үкімет президентпен қатар парламент алдында да жауапты» деген тіркес қосылды. Конституцияның 91-бабы «… тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деп толықтырылды.
Ата заңның 26-бабындағы «Қазақстан азаматы заңды мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген сөйлемдегі «Қазақстан азаматы» сөзін «әркім» деп өзгерту мәселесі төңірегінде шу болды. «Жас Алаш» газетіне сұхбат беруші сарапшылар да бұл пунктті «шетелдіктерге жер сатудың бастауы» деп қабылдап, наразылық күшейе берді. Халықтың да үні осы кезеңде жарқын-жарқын шыға бастады. Өйткені халық арасын үмітсіздік кеулеген. 2007 жылдардағыдай Назарбаевты «хан көтеретін» халық жоқ. Тіпті оны қолдайтын да халықтың кеміп кеткені көрер көзге газет беттерінен-ақ көрініп тұр.
Бесінші өзгеріс
2019 жыл. Қазақ мемлекеті тарихындағы «атақты» жыл болған шығар. Қазақ халқы ғұмыр тарихында екінші президентін көрді. Көрмей кеткені қаншама… Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік өкілеттікке қол жеткізе салысымен, Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге шешім қабылдады. Бұл бастама қоғамда екіұшты пікір туғызған болатын.
1998 жылы Ата заңға «Қазақстан Республикасы президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ» деген тармақ енгізілген болатын. Бірақ біздің ақыры шимайланып біткен дәптерге бәрі бір емес пе? Бастаманы үкімет ұсынысы ретінде парламенттен өткізіп жіберді. Осылай қоғамдағы небір қарсылықтарға қарамастан, Астана атауы өзгертіліп тынды. Бұл мәселе тұрғысында «Жас Алаш» елорда атауының өзгерісін қолдап «флешмоб ұйымдастырғандардың да, оған қатысып жатқандардың да бүкіл әлем бізге миығынан күліп жатқанымен ісі жоқ» деп жазды.
Иә, бұл кезде Тоқаев толық билікке ие болған жоқ, Назарбаев орнынан формалды түрде ғана кетті, Қазақстанда қос билік қалыптасты деген пікірлер жиі айтылды. Одан кейінгісі… көрген түстей.
Алтыншы өзгеріс
Осылай 2022 жылға жеттік. 5 өзгеріс. Бірақ ешбір сарапшының аузынан өзгерістердің халыққа оң әсері туралы айтылғанын көрмей, оқымай, соңғы өзгеріске тірелдік. Иә, сарапшылардың бәрі дерлік Конституцияға енгізілген өзгерістердің жағымсыз жақтарын сеніммен айтса, оң өзгерістерге тек иегі қышып, үміт етеді. Соңғы өзгерістерді де солай күтті халық. Өйткені 2019 жылдан бері Достоевский шығармаларындағыдай халық басына қара бұлт қайта-қайта үйіріле берді. Соның түйіні – Қаңтар оқиғасы болған. Осы тұста Тоқаев толық билікті Назарбаевтан тартып алады деп күтті халық. Назарбаевтың президенттіктен кетсе де, биліктен кетпей отырғаны туралы «Жас Алаш» газеті «орнынан кетіп, тіпті күшейді» деп жариялаған еді. Бүгінгі президент те осы тұсты нақ басып, референдум жариялады. Онда «өзінің туыстарының билікке жоламайтыны», «Елбасы статусының жойылатыны» туралы өзгерістер бар-ды. Сонымен қатар президенттің, қарулы күштердің белгілі бір партияда болмауы туралы да өзгеріс болған. Бірақ сарапшылар бұл өзгерістің көбін «косметикалық» және «популистік» деп бағалады. «Жас Алашқа» берген сұхбатында саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт «президенттің туыстарының билік тармақтарында қызмет істемеуін» Конституцияның «шығу тегіне қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтарының құқықтары тең» деген тармағына қайшы келетінін айтады.
2022 жылғы 7 маусымдағы газет нөмірінде Әділ Ақылбай референдумға дауыс беруге «Назарбаев кезеңінің қайталанбауын қалағаны» үшін барғанын баяндайды. Расында халық көңілі шайлығып, дауыс беру пункттеріне асыққаны да осы қорқыныштан болса керек. Халық қалай болғанда да бір өзгерісті қалайды. Атақты Цойдың әні еске түседі осындайда. Қосановты да сол Виктордың әнінің жетегінде қолдап еді бұл халық...
Айтпақшы, соңғы референдумда «Суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті күшті президенттік республикаға көшеміз» деген ұран көтерілді.
«Жас Алаштың» тігінділерін, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді оқи отырып, мынадай тізбек жасауға болады екен. Алғашқы өзгеріс «өзгеріс» деп аталған. 2007 жылғы өзгеріс те осы типтес аталды. 2011 жылғы өзгерісті «Жас Алаш» «бетіне қайта-қайта опа жағатын кәрі қыздай» деп суреттеді. 2017 жылы Ата заңды «қолжаулық» деді. Соңғы өзгерістер кезінде біздің Конституция «Шимай дәптер» атала бастады. Енді тағы өзгеріс болса қандай теңеу табар екенбіз?
***
Конституцияға енгізілген бүкіл өзгеріс атаулы азаматтардың құқығына, мүмкіндіктері мен міндеттеріне түк қатысы жоқ екенін көрдіңіздер. Барлық өзгеріс билікті бір қолға жию мақсатында немесе президенттің өкілетті ұзарту мақсатында жасалды. Халыққа одан зияннан басқа ештеңе келген жоғын сеніммен айта аламыз. Сенаттың экс-депутаты Зәуреш Баталова: «1995 жылғы Конституция бір ғана адамды – президентті тәуелсіз етті, ол не істегісі келсе соны істей алатын өкілетке ие болды», – деген еді. Бірінші кезіндегі бес өзгеріс те осы жолда қызмет еткен сыңайлы. Алтыншы өзгерістен не үміт күтеміз?
Қытай философиясы еске түседі: «Үміт – адамға әлсіздіктен өзге ештеңе сыйламақ емес».
Конституция күні құтты болсын!