Саясат

«Атам өлген соң бәрі теріс айналды»: Заманбек Нұрқаділовтың немересі отбасының ауыр тағдырын айтты

Белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың немересі Нұрбибі Нұрқаділова Threads әлеуметтік желісінде отбасының басынан өткен қиындықтар туралы ашық жазба жариялады.

Заманбек Нұрқаділов отбасымен/Фото: instagram.com/kuralaiofficial

 Оның айтуынша, атасы қаза тауып, биліктегі ықпалы жоғалғаннан кейін айналасындағы адамдардың көзқарасы күрт өзгерген.

«Айналаның бәрі жағымпаздар мен жалпақшешейлерге толы еді»

Нұрбибінің сөзінше, атасы жоғары лауазымдарда жүрген кезде әкесі Қайрат Нұрқаділовтің телефоны бір сәтке де тынбайтын.

"Атам тірі кезінде және жоғары қызметтер атқарғанда әкемнің телефоны тыным таппайтын. Барлығы онымен араласқысы келді, бәріне бірдеңе керек болатын. Айналаның бәрі жағымпаздар мен жалпақшешейлерге толы еді. Қазір сол адамдардың ешқайсысы әкемнің хабарламаларына жауап бермейді, тіпті одан көмек алғандарын ұмытқандай кейіп танытады", — деп жазды Нұрбибі.

Оның айтуынша, бүгінде 59 жастағы әкесі жұмыс іздеп жүр және кезінде өзі көмектескен адамдардан қолдау көрмей отыр.

"Әкеммен сөйлескен сайын көзіме жас келеді. 59 жасында жұмыс іздеп сабылып жүргені жанымды ауыртады. Бір кезде аузына қарап отырған адамдардан жұмысқа орналасуға көмектесуді сұрайды, ал жауап ретінде тек бас тарту, үнсіздік пен менмендік көреді. Атамды өлтіргенге дейін әкем бәріне керек еді, ал бүгін өмір оны шетке ысырып тастағандай, - деді ол.

Нұрбибі өткеннің ауыр жүгі әлі күнге дейін отбасының өміріне әсер етіп келе жатқанын айтты.

"Бұған қатысы бар адамдардың бәріне әлі күнге дейін ашуланамын. Әлі күнге дейін әділдік жоқ. Әлі күнге дейін бұл фамилия біздің иығымызға түскен ауыр жүк болып тұр. Өкінішті", - деп жазды ол.

Заманбек Нұрқаділов кім еді?

Заманбек Нұрқаділов тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ықпалды саяси қайраткерлердің бірі саналады. Әр жылдары Алматы қаласының алғашқы әкімі, Алматы облысының әкімі және Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарды.

2004 жылы ол билікке ашық оппозицияға өтіп, елдің жоғары басшылығын қатаң сынға алған болатын.

2005 жылғы 12 қарашада, президент сайлауы қарсаңында саясаткер Алматыдағы өз үйінен өлі күйінде табылды. Оның денесінде үш оқ жарақаты болған: екеуі кеуде тұсында, біреуі басында.

Ресми тергеу бұл оқиғаны өз-өзіне қол жұмсау деп таныды. Алайда бұл нұсқа қоғамда үлкен күмән туғызып, саясаткердің жақтастары мен құқық қорғаушылар тарапынан әлі күнге дейін даулы мәселе болып келеді.

Сайт Әкімшілігі