Саясат

Атамқұлов өзі басқаратын министрліктің атын айта алмады

Президенттің «Қазақша сөйлеңдер» деген пәрмені басқа-басқа қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловқа өте ауыр тиіп жүр.

Jasalash.kz
Үкіметте, әсіресе, мәжілісте есеп берген сайын баяндамасын қазақ тілінде әрең-әрең оқыған Бейбіт Бәкірұлы мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға жауап берген кезде тіптен қиналып, айтарға сөз таппай қалады. Содан қазақ тілінің «басын жарып, көзін шығарады».Әрине, қанша қиналса да қазақша қойылған сұрақтарға қазақша жауап беруге тырысып жүрген министр Атамқұловтың бұл талабына сүйсінуге де болатын шығар. Бірақ, министр болғанға дейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып, қазақшасы әжептеуір түзеліп қалған Бейбіт Бәкірұлы Астанаға келгелі бері ана тілінен қайтадан алыстай бастағаны қатты байқалып жүр. Министр тек мәжіліс, үкімет үйіне келген кезде ғана мемлекеттік тілде сөйлеп, басқа уақытта қазақ тілін керек етпейтін сияқты. Былайша айтқанда, осы мәселеге жауапкершілікпен қарап, сөздік қорын молайтуға бас ауыртпайды. Содан кейбір сұрақтардың түп-төркінін жақсы түсінбей, мәселенің бетін қалқып қана жауап береді.Осы аптада өткен мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және аэроғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралып, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің тағы да шып-шып терлеуіне тура келді.Министр тіпті, осы заң жобасын талқылау барысында қорытынды баяндама жасаған кезде өзі басқарып отырған министрліктің атын дұрыстап оқи алмады. Қолындағы қағазға қарап «Қазақстан аэроғарыш… Қазақстан аэроғарыш...» деп қайта-қайта бір сөзді қайталағанымен «Өнеркәсіп» деген сөзге тілі келмеді. Сөйтіп, амал жоқ, «Қазақстан аэроғарыш… министрлігі» деп оқып, «өнеркәсіп» сөзінен аттап кете барды.Өзге ұлт өкілі болса, «тілі келмеді ғой» деп арқаны кеңге салуға болар еді. Ұлты қазақ министрдің өзі басқарып отырған министрліктің атын дұрыстап оқи алмауы тіптен, ұят болды.Оның кезекті бір сұраққа шатып-бұтып берген жауабына қанағаттанбаған мәжіліс төрағасы  бір күрсініп:– Бейбіт Бәкірұлы, бір өтініш бар, осындай сұрақтарға тікелей жауап берсеңіз дұрыс болар еді… – деп, министрге ескерту жасады.

Фото ғаламтордан алынды. 

 МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега