Сараптама

Аты – автолизинг, заты – автонесие: Қос министрлік Тоқаевтың тапсырмасын неге орындамады?

Естеріңізде болса, 2025 жылы 21 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде жеке тұлғаларға автомобильді лизингке беру жүйесі іске қосылатынын айтқан. «Енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек», – деген еді Тоқаев.

Фото: ЖИ

Осыдан кейін Сауда және интеграция министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеке тұлғаларға автомобильді лизингке беру тетігін әзірлеуге кірісіп кетті. Обалы не керек, шенділер жобаны өте жылдам дайындап, 30 қазан күні ресми жариялады. Ал 1 желтоқсанда жеке тұлғаға лизинг беру бағдарламасы пилоттық режимде іске қосылды.

Бірақ президент тапсырмасы бірден орындалып, бәрі ойдағыдай болды дей алмаймыз. Автолизинг бағдарламасының шикілігі көп екені көрініп тұрды. Тіпті бірқатар проблема су бетіне шықты. Ең алдымен, машинаны меншігіңізге ала алмайтыныңыз болмаса, лизингтің автонесиеден еш айырмасы болмады. Сондай-ақ машинаға салынған айыппұлға кім жауапты, салық қалай төленеді, лизинг беретін компания мен азамат арасындағы құқықтық мәртебе қандай деген сұрақтарға жауап табу қиынға соқты. Салдарынан бағдарламаға не халық, не екінші деңгейлі банктер қызығушылық танытқан жоқ. Бірнеше айда небәрі бірер автомобиль ғана лизингке берілді, оның өзі жаңа қаржылық қызметтің қалай жұмыс істейтінін көрсету мақсатында бағдарламаның бастапқы кезеңінде рәсімделген.

Осыған байланысты биыл жыл басында бағдарлама уақытша тоқтап, Үкімет оны жетілдіруге кіріскен. Пилоттық кезеңдегі проблемалар автолизинг бағдарламасын заң деңгейінде нақты бекіту қажет екенін көрсетіп берді. Осыған орай «Қаржылық лизинг туралы» ҚР заңына өзгеріс еніп, 2026 жылы 24 маусымда президент «Машина жасау және транспорт саласын дамыту мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгеріс енгізу туралы» заңға қол қойды. Ал 6 шілдеде «Қаржылық лизинг туралы» заңға жеке тұлғаларға қатысты нақты норма енді.

Қағаз жүзінде бәрі әдемі жүріп жатыр. Шенділер «автолизинг бағдарламасы енді уақытша эксперимент емес, тұрақты қаржылық құрал болады» деп жалаулатып жүр. Бірақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған лизинг шарты бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жұрттың жағасын ұстатты.

Өнеркәсіп министрлігі автоөндірушілер және импорттаушылармен консультация өткізе отырып, мынадай шекті мөлшерлеме ұсынып отыр:

Автомобильдің құны 20 млн теңгеден аспаса – жылдық мөлшерлеме 36 пайыздан төмен болады;

Ал машина құны 20 млн теңгеден жоғары болса – жылына 46 пайыздан төмен болады.

Ең қызығы, лизингке машина алған азамат 36 немесе 46 пайыздық жылдық сыйақыдан бөлек, қаржылық лизинг ұсыну туралы өтінімді қарағаны үшін комиссия, бастапқы жарна, міндетті сақтандыру, КАСКО сақтандыруы сияқты бірқатар шығынды төлейді. Мұның бәрі лизинг алушының қалтасына ауыр салмақ салары анық.

Салыстыру үшін айтсақ, қазір екінші деңгейлі банктер автонесиені жылына 25,6 – 35 пайыз мөлшерлемемен береді. Демек, Өнеркәсіп министрлігі ұсынған автолизинг мөлшерлемесі автонесиеден жоғары болып кеткен. Мұны қалай түсінуге болады? Егер шарттары автонесиеден тиімсіз болса, сонша қаржы мен уақыт жұмсап, лизинг бағдарламасын дайындаудың қажеті бар ма еді?

Осы жерде мынадай заңды сұрақ туындайды. Автолизингтің мәні – машина азаматтың меншігі болмайды, келісім мерзімі аяқталған соң оны лизингтік компанияға қайтарып береді. Ал автонесиеде азамат көлікті бірден өз меншігіне алады. Яғни автомобильді сатып алғандағы мөлшерлеме жалға алғаннан төмен болып тұр. Ендеше, қандай адам автолизингті таңдауы мүмкін? Жауапты министрліктер халықты ақымақ санай ма? Әлде бұл президент тапсырмасына саботаж жасап, бағдарламаны қағаз жүзінде ғана жүзеге асыру ма?..

Ерсайын Нағаспаев басқаратын Өнеркәсіп министрлігі жобада көрсетілген мөлшерлеме шекті деңгей екенін айтады. Олардың сөзінше, лизинг беретін компаниялар несие ұйымдарымен бәсекеге түсіп, бұдан төмен мөлшерлеме белгілеуі мүмкін. Бірақ Қазақстандағы түрлі несиелер мен ипотека мөлшерлемесі өте жоғары екенін ескерсек, лизингтік компаниялар төмен тариф ұсынады дегенге сену қиын.

Фото: Санат Нұрбай

Санат Нұрбай, автосарапшы: Мөлшерлеме 4 пайыздан аспауы керек

– Автолизинг бағдарламасы іске қосылады дегенде халық «көлік алуға ыңғайлы, жақсы бағдарлама болады» деп күткен еді. Өйткені қазір халықтың көбі машинаны кредитке алып, банктің жоғары пайызына ұрынып, опық жеп қалды. Бірақ 2025 жылы 1 желтоқсанда басталған лизинг бағдарламасы өте сәтсіз болып шықты.

Негізі жақсы бастама еді, бірақ шарттарының бәрі шикі болды. Әу баста алғашқы жарна болмайды деген, шын мәнінде 15 пайыз алғашқы жарнасы бар болып шықты. Одан кейін екінші деңгейлі банктерден қаржыландырылатын болды, ал екінші деңгейлі банктер 25 пайыздан төмен мөлшерлемемен бермейтіні белгілі. Енді есептеп көріңіз, банктер 25 пайызбен берсе, оған лизингтік компаниялар өз пайызын қосса, жылдық мөлшерлемесі 40-45 пайызға дейін жетеді. Сол кезде Мәжіліс депутаттары пайыздық мөлшерлемені 30-35 пайызға түсіреміз деп мәлімдеген. Қазіргі ұсынылған тариф те сол шамада болып отыр. Мұндай мөлшерлеме халық үшін өте тиімсіз. Одан да екінші деңгейлі банктерден автокредит алған жақсы. Өйткені автолизинг бойынша машина өзіңіздің атыңызда болмайды, ал кредитке алсаң, автомобиль өз атыңда болады.

Сондықтан бұл бағдарламаның тетіктерін қайта қарастыру керек сияқты. Алғашқы жарна деген мүлде болмау керек. Халықта 10 пайыз алғашқы жарна төлеп, лизингпен көлік алатын мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ пайыздық мөлшерлеме 4 пайыздан аспауы қажет. Осы екі тетік енгізілсе ғана бағдарлама тиімді болады.

Лизинг жобасын дайындағандар «халық лизингке машина алады, бір жыл, жарты жыл қажетіне пайдаланады, содан кейін көлік ұнамай қалса немесе ай сайынғы ақшасын төлей алмай қалса, көлікті қайта өткізе салады, бұл несие тарихына ешқандай әсер етпейді, қосымша міндеттемелер артпайды, сол үшін лизинг халық үшін тиімді» деген уәж айтуы мүмкін. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Мысалы, мен лизинг арқылы машина алсам, бір жыл бойы ай сайын 150-250 мың төлеп отырсам, содан кейін көлік ұнамай немесе төлей алмай қалсам, лизингтік компания машинаны тартып алады. Ал менің бір жыл бойы төлеген ақшам қайтарылмайды, ол лизингтік компанияның қалтасында қалады. Сондықтан дәл мынадай шартпен автолизинг бағдарламасы тиімсіз деп есептеймін.

Былтыр 1 желтоқсанда бағдарлама алғаш басталғанда бір адам машина алып, сұхбат беріп жатқанын көрген едім. Одан кейін біреу лизингке машина алыпты дегенді естіген жоқпын. Бұл бағдарлама алғаш шыққан кезден бастап шарттары маған ұнай қойған жоқ, шикі тұстары көп болды. Жобаның халық түсінбейтін, тұтынушыларға тиімсіз тұстары өте көп. Мұндай бағдарлама бағасы бойынша да, пайызы бойынша да халыққа қолжетімді болғаны дұрыс еді.

Автолизингті дамыту үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөліп, оны кәдімгі мемлекеттік бағдарлама ретінде жасау қажет. Содан кейін жоғарыда айтқанымдай, мөлшерлемені 4 пайызға түсіріп, алғашқы жарнаны алып тастау қажет. Сонда ғана халықты қарыз қамытынан құтқаратын тиімді бағдарламаға айналады.

Фото: Shutterstock / Fotodom / ulysmedia.kz

Автолизинг деген не?

Лизинг – автомобильді кейін сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға алу. Жалға алушы машинаны келісімшарт бойынша пайдаланып, ай сайын төлем жасап отырады. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң қалған соманы беріп, көлікті сатып алады немесе машинаны компанияға қайтарып береді. Шетелде лизинг автомобильді сатып алу тәсілі емес, оны пайдаланудың ыңғайлы моделі саналады. Демек, автолизинг машина сатып алғысы келмейтін, белгілі бір уақыт ішінде пайдалану үшін ғана көлік алатын адамға арналған.

Лизингтің екі моделі бар. Біріншісі – операциялық лизинг. Ол бойынша клиент машинаны 2 жылға дейінгі қысқа мерзімді жалға алады әрі көлікті тұрақты түрде ауыстырып отыру мүмкіндігі болады. Ал екіншісі – қаржылық лизинг. Ол бойынша машина 3 жылдан астам мерзімге, кейін міндетті түрде сатып алу шартымен жалға беріледі. Қазақстанда осының соңғы түрі ұсынылып отыр. Азамат машинаны ұзақ мерзімге алады, көлікке зақым келсе, жоғалса, шығынды өзі төлейді.

Қазақстанда бұған дейін қаржылық лизингті заңды тұлғалар ғана пайдаланатын. Билік енді оны қарапайым азаматтарға қолжетімді етпек. Бірақ шарттары тиімсіз екенін айттық. Соған қарағанда, бұл бағдарламаның болашағы бұлыңғыр сияқты.

Біздің билік алаулатып-жалаулатып бағдарлама қабылдауға шебер. Бірақ соның көбі оң нәтиже бермей, орта жолда тоқтайды немесе басталмай жатып бесігінде тұншығады. Түбін қазсаңыз, әр бағдарламаның артында бір монополистің төбесі қылтияды. Жарнамасы жер жарған жобалар кейбіреудің қалтасын толтыратын майшелпекке айналып кететіні содан.

Мысалы, 2015 жылы жеңілдікті автонесие бағдарламасы іске қосылды. Пайызы төмен несиенің (4 пайыз) басты мақсаты – отандық автоөндірісті қолдап, халықты жаңа автомобильге мінгізу және автопаркті жаңартып, көліктердің қоршаған ортаға зиянын азайту болатын. Бірақ сол бағдарлама 7 жылдан кейін жабылды. Ұлттық банк «бағдарлама тиімсіз болды» деген қорытынды жасады. Жобаға 182 млрд теңге бөлінген. 2015-2022 жылдары халық осы бағдарламамен небәрі 47 297 автомобиль сатып алыпты. Бұл елдегі жалпы көлік санының 1 пайызына да жетпейді.

Қазір елде жыл сайын 200 мыңның үстінде жаңа автомобиль сатылады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының есебінше, соның 66 пайызы автонесиеге алынады. Яғни халық жоғарыда біз атаған 25,6 – 35 пайыз мөлшерлемемен жылына 100 мыңнан аса көлік алып жатыр. Демек, елге автолизинг бағдарламасы ауадай қажет. Бірақ Үкімет әдемі басталған әңгімені әдемі аяқтай алмай отыр. Шенділер автолизингті «халықты несие қамытынан босатып, әлеуметтік жағдайын жақсартатын идея» деп мақтаған. Ал жеме-жемге келгенде, «құрттың атын малта қойыптының» кері болып шықты.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: автолизинг